Елорда ЕАЭО-ның басты алаңына айналды

Елорданы екі күн бойы қарбалас күтіп тұр.

Бүгін және ертең бас қалада Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы және V Еуразиялық экономикалық форум өтеді. Жиында жасанды интеллект, транзит, сауда және бизнеске қатысты маңызды шешімдер талқыға түспек.

12 жыл бұрын үштіктен тұрған Еуразиялық экономикалық одақ бүгінде бес мемлекеттен тұратын беделді бірлестікке айналды. Мақсат теңдей тиімді экономикалық байланыс орнату. Кедендік кедергілерді азайтып, шешім қабылдау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету. Биыл Одаққа Қазақстан төрағалық етеді. Күн тәртібінде транзиттік әлеуетті дамыту, сауда кедергілерін азайту, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру, сондай-ақ серіктестермен кооперацияны кеңейту мәселелері тұр. Форумның елімізде өтуі мемлекетіміздің саяси әрі инвестициялық мәртебесін күшейте түспек. 

Қажыгелді Шамбыл, экономист:

- Еуразиялық Одақтағы Қазақстанның рөлі экономикалық локомотивтен гөрі айтар едім, Еуразиялық экономикалық одақтың жан-жақтағы тараптармен арадағы байланысты арттыратын цементтік роль десем артық етпес. 

Форумда жасанды интеллект тақырыбына ерекше басымдық берілуінің себебі бар. Қазақстан жасанды зейінді технологиялық бағытта ғана емес, экономиканы, логистиканы, өнеркәсіпті, аграрлық секторды дамыту құралы ретінде қарастыруды ұсынып отыр. Еліміз ЖИ және цифрландыру жұмысы бойынша тәжірибие алмасуға дайын. Бұл арқылы электронды құжат айналымын жақсартып, тауарлардың шекарадан жылдам өтуіне көмегімен тигізбек. 

Қажыгелді Шамбыл, экономист:

- Қазақстанда 20 млрд доллардан астам үлкен импорт бар. Оның көп үлесі Ресейге тиесілі. Ресеймен арадағы импорттық байланыстардың бюрократиясы төмендесе, онда Қазақстан Ресейден алып келген тауарларды Иранға, Қытайға экспорт жасай алады. Одан қосымша табыс таба алады. Сондықтан бұны да бір табыс көзі ретінде қарастыруға болады. 

Осыған дейін одаққа мүше елдердің бас қосуында кедендегі кедергілерге баса назар аударылды. Енді цифрландыру жұмыстарымен бірге бизнестегі бюрократияны шешу мәселесі жолға қойылады. Егер елордадағы форумда тараптар түйіткілдердің түйінін тарқатар болса, Қазақстанның бірлестікетегі ролі бұрынғыдан бетер нығая түспек. 

Айбар Олжай, экономист:

- Біз транзиттік нүктеміз. Және өзіміз Одақтағы белгілі бір Түркі мемлекеттерінің мүддесін қорғайтын соның бір өкілі ретінде отырмыз. Сондықтан одақтағы Қазақстанның ролі, әсіресе транзиттік-логистикалық маңызы өте зор. Қазақстан арқылы кез келген ел Ресей нарығына шыға алады біз арқылы.  Біз болмасақ Еуразиялық экономикалық одаққа ешкқандай белігілі бір экономикалық та, саяси да мазмұн жоқ. 

Қазақстанның одақтағы алар орны ерек. Ұйымның оңтүстіктегі және солтүстіктегі елдерін байланыстырып отырған алтын көпір. Ал форумның дәл осы елде өтуі күн тәртібінде тұрған мәселелердің шешілуіне негіз болуы мүмкін, дейді сарапшылар. 

Шерхан Абзалұлы, Асхат Қарағойшиев