Қазақстанда электр энергиясының тарифі қайта қаралуы мүмкін

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап электр энергиясының шекті тарифтерін өзгерту жоспарланып отыр. Қазақстанның энергетика министрлігі электр энергиясының шекті тарифтерін бекіту туралы бұйрыққа өзгерістер енгізуді ұсынды, деп  хабарлайды «24KZ».

Министрлік  әзірлеген бұйрық жобасына  сәйкес, жаңа тарифтер 60 энергия өндіруші ұйымға қатысты енгізілуі  мүмкін. 

Министрліктің мәліметінше, тарифтерді жаңарту электрмен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және энергия өндіруші нысандарды кезең-кезеңімен жаңғыртуға бағытталған. Сондай-ақ бұл шешім жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізуге, жабдықтардың сенімділігін арттыруға және жаңарту бағдарламаларын іске асыруға мүмкіндік береді.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаевтың айтуынша, аталған саланың орташа тозуы 50%-дан асып кеткен. Сондай-ақ, оны инвестициялар мен негізгі капиталға салымдар арқылы шектемесе, жыл сайын 2–3% артып жатқанын атап өтті. Бұл жағдай шығындарды, сондай-ақ тарифтерді қайта қарауды қажет етеді.

Құжат 30 маусымға дейін қоғамдық талқылауға шығарылып отыр.

Бұған дейін коммуналдық қызмет тарифтерінің де өсуі мүмкін екендігі  айтылған болатын. Мамандар мұны инфрақұрылымның тозу деңгейінің жоғарылауымен және қосымша инвестиция қажеттілігімен байланыстырады.