Қазақстанның темір жолдарына жасанды интеллект және Smart Rail жүйесі енгізіледі
Қытайдан Еуропаға құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайызы Қазақстан арқылы өтеді деп хабарлайды «24KZ».
ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, транзит отандық теміржол саласының басты драйверіне айналды. Соңғы 5 жылда транзиттік тасымал көлемі 20 млн-нан 33 млн тоннаға дейін өсті.
Біздің міндетіміз - таяу оншақты жылда осы динамиканы жеделдету. Бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 67 млн тоннаға жеткізіп, екі есе арттыруды, ал 2040 жылға қарай транзит көлемін 100 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», — деп атап өтті Нұрлан Сауранбаев.
Сондай-ақ, министрдің айтуынша, терминалдық инфрақұрылым ел ішінде де, шетелде де жоғары қарқынмен дамып келеді. Қазір маршруттар бойында жеті терминал жұмыс істеп тұр, оған қосымша 7 нысан салынуда. Бұл «Шығыс – Батыс» және «Солтүстік – Оңтүстік» бағыттарында бірыңғай логистикалық желіні қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ірі кәсіпорындар мен кен орындарына апаратын жолдарды жаңғыртуға назар аударылды. Министрліктің перспективалы жобаларының тізіміне Қарағанды облысының Қарағайлы ауданындағы кен орындарының жолдарын жаңғырту және өңірді тікелей қатынаспен байланыстырып, батыс Қазақстанның дамуына қуатты серпін беретін «Индербор – Орал» жаңа желісінің құрылысы енгізілген.
«Қазіргі уақытта теміржол саласын цифрландыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Сектордың барлық негізгі объектілері бойынша бірыңғай «деректер көлі» (Data Lake) қалыптасады. Алдағы уақытта Smart Rail жүйесін енгізу көзделген. Бұл жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдауды қолдану арқылы басқарудың тиімділігін арттырады. Нәтижесінде шығындар азаяды және қауіпсіздік деңгейі артады»,— деп атап өтті министр.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз