Қазақстандықтар тауарларын БАӘ-ге жеңілдетілген шарттармен экспорттайды
Енді қазақстандық кәсіпкерлер өз тауарларын Біріккен Араб Әмірліктеріне жеңілдетілген шарттармен экспорттай алады.
Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Әмірліктер арасындағы сауда қатынасын дамыту мәселесі Мәжілістің бүгінгі отырысында талқыланды. Бастамада тараптар арасындағы алыс-берісті арттырумен қатар кедендік баж салығын алып тастау да ұсынылған. Келісімнің отандық бизнеске берері қандай? Экспорт әлеуетін арттыруға нендей жеңілдік жасалмақ.
Қазақстандық өнімдердің БАӘ нарығындағы бәсекеге қабілеті арта түспек. Бұған кедендік жеңілдіктер тың серпін бермек. Алғашқысы шекарадағы алымдарды кезең-кезеңімен алып тастау мәселесі. Отандық тауар түрінің 85 пайыздан астамын салықтан босату көзделіп отыр. "Бастама бизнеске қолайлы жағдай жасау үшін қолға алынды", деді сауда және интеграция министрі. Арман Шаққалиевтің ақпарынша, тараптар арасындағы келісімде ішкі нарықты қорғау тетіктері толық қамтылған.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Аталған Келісімге 2025 жылғы 27 маусымда Минск қаласында Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы аясында қол қойылды. Келісім тауар номенклатурасының 85 пайыздан астамы бойынша импорттық кедендік баждарды жоюды көздейді. Сонымен қатар құжат саудадағы техникалық кедергілерді азайту, санитарлық және фитосанитарлық шараларды қолдану, кедендік ынтымақтастықты дамыту және ішкі нарықты қорғау тетіктері сияқты маңызды сауда мәселелерін қамтиды.
Құжатқа сәйкес, 6 500 тауар түрі бойынша кедендік баж салығының мөлшерлемесі нольге дейін төмендетіледі. Ал тағы 192 өнім Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен бажсыз импорттау үшін тарифтік жеңілдіктер белгіленеді. Бұдан бөлек, мәжілісте сыртқы қаржыландыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Ел үкіметі халықаралық қаржы ұйымдарынан 154,7 млрд жапон иені көлемінде берешек алуға құлықты. Ақшаны алудың да өзіндік шарты бар. Алғашқы 5 жылда негізгі борыш бойынша төлем жасалмайды. Өтеу мерзімі 11 жыл. Ал қарызды алудың себебін қаржы министрі былай түсіндірді.
Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:
- Жапон иенасы валютасын таңдаудағы негізгі себеп – Жапониядағы базалық пайыздық мөлшерлеменің төмендігі және теңге мен жапон иенасы арасындағы өзара байланыс. Бұл қаражат экономиканың маңызды салаларын қаржыландыруға бағытталған. Үкіметтің бірінші кезектегі шараларын қолдауға бағытталған. Аталған банктердің 5 жылдық өтеу мерзімімен 11 жылды құрайды.
Қазақстан бұл несие бойынша міндеттемелерді орындауды және берешекті жабуды республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырмақ. Бұл ретте қаржы министрі елдің борыштық көрсеткіштері рұқсат етілген шектен аспайтынын жеткізді. Алаңдауға негіз жоқ деген министр елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағытына теріс әсері болмайтынын мәлімдеді.
Кәмшат Мұхамеджан, Жандос Битабаров