Тарифтер қымбаттағаннан кейін мобильді интернет қолданушылары азайды

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда тарифтердің қымбаттауынан кейін мобильді интернетті пайдаланушылар саны азайған. Сарапшылардың айтуынша, мұндай үрдіс соңғы жылдары алғаш рет тіркелген, деп хабарлайды «24KZ» Energyprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында мобильді интернет абоненттерінің саны 19,2 млн-нан 18,2 млн адамға дейін төмендеген. Ең төменгі көрсеткіш ақпан айында тіркеліп, 17,8 млн абонентке дейін түскен. Кейінгі айларда көрсеткіш аздап қалпына келгенімен, жалпы төмендеу үрдісі сақталған.

Мамандардың айтуынша, бұл құбылыс ұялы байланыс тарифтерінің қымбаттауымен қатар жүрген. Биыл қаңтар айында абоненттік төлем бірден 8,7%-ға өскен. Жалпы алғанда, 2025 жылдың мамырымен салыстырғанда тарифтер 10%-ға қымбаттаған. Ал интернет пен телевизия пакеттері бір жыл ішінде 2,7%-ға, үйдегі интернет 2,3%-ға көтерілген.

Сонымен қатар мобильді интернет абоненттерінің азаюы байланыс нарығындағы жалпы өзгерістер аясында байқалып отыр. Мәселен, биыл қаңтар–мамыр аралығында ұялы байланыс қызметтерінің көлемі (мобильді интернетті есепке алмағанда) 7,8%-ға өсіп, 101,1 млрд теңгеге жеткен. Ал интернет қызметтерінің жалпы көлемі 8%-ға артып, 373,6 млрд теңгені құрады.

Жалпы байланыс қызметтерінің көлемі 638,8 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 7,6%-ға өскен. Дегенмен, кабельдік телехабар тарату және жергілікті телефон байланысы сияқты кейбір сегменттерде төмендеу байқалған.

Стационарлық телефон байланысы да қысқаруын жалғастырып отыр. Қаңтар–мамыр айларында бұл бағыттағы көрсеткіш 11,4%-ға азайған. Сарапшылар мұны халықтың дәстүрлі байланыс түрінен біртіндеп бас тартып, мобильді және интернет қызметтеріне көшуімен байланыстырады.

Осылайша, байланыс нарығының құрылымы өзгеріп келеді: мобильді интернет абоненттері азайғанымен, интернет қызметтерінің жалпы көлемі мен цифрлық тұтыну әлі де өсім көрсетіп отыр.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз