Ломбардтар табысы ₸55 млрд жуықтады
Алтынның пұлға айналып, саудасы қызғаны біздің елде де байқалады.
Биыл алғашқы үш айда ломбардтардың таза пайдасы 55 млрд теңгеге жуықтады. Бұл былтырғымен салыстырғанда екі есе көп. Ал 2024 жылы көрсеткіш небәрі 8,7 млрд теңге көлемінде болатын. Салада түскен табыс екі жылда 6 есе өсті. Алайда барлығының ісі бірдей алға басты деуге келмейді. Биылғы наурыз айындағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған 466 ломбардтың 337-сі пайдаға кенелген. Ал шығынмен жұмыс істеген ұйым саны 109-дан 85-ке дейін азайған. Ломбардтардың несие портфелі де айтарлықтай ұлғайған. Наурыздың аяғында негізгі қарыз көлемі 481,3 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 63 пайызға өсіп отыр.