Steam сауда алпауыттарын шаң қаптырды
Компьютерлік ойындар мемлекет қазынасына қомақты табыс әкелетінін білесіз бе? Қазақстанда қосылған құн салығын төлеу бойынша әйгілі Steam платформасы өзге маркетплейстерді басып озды. Мәселен, америкалық компания алғашқы жартыжылдықтың өзінде біздің елдің қазынасына 11 млрд теңгеден астам қаржы аударған.
Мерей Қанапия, тілші:
- Қарапайым компьютер. Пернетақта. Тінтуір. Бір қарағанда, кәдімгі ойын алаңы. Алайда дәл осы экранның әр жағында үлкен нарық яғни әлемдік цифрлық экономиканың бір бөлігі тұр.
Valve – компьютерлік ойындарды әзірлеумен айналысатын америкалық компания. Яғни әлемге әйгілі Steam платформасына иелік етеді. Оны қолданушылар ойындағы кейіпкерлердің киімі мен қару-жарақ скиндерін сатып алу үшін пайдаланды. Мұндай цифрлық тауарлардың кейбірі мыңдаған долларға дейін бағаланады. Әсіресе, Контр-страйк пен Дотаны ойнайтындар жақсы біледі.
Думан Мұқанов, Астана қаласының тұрғыны:
- Мен Контр-страйкты ойнап жүргеніме 3-4 жыл болып қалды. Әуелі «Тик-токтан» ойыншылардың кейс ашып, қымбар қару-жарақтар түскенін көрдім. Кейін оларды сатып, ақшасын шығарып алады. Мен де солай істеп көрдім. Өткен жылы құны 280 мың тұратын калаш түсті. Кейстан шықты. Оны мен 180 мыңға саттым. Өйткені комиссия ұстап қалды.
Иә, Steam платформасы әр сатылымнан түскен пайданың бір бөлігін комиссия ретінде ұстап қалады. Осылайша, компания миллиондаған доллар пайда табады. Ал қазақстандық тұтынушылардан түскен ақшасының бір бөлігін ел бюджетіне салық ретінде аударады.
Думан Мұқанов, Астана қаласының тұрғыны:
- Ол инвестиция сияқты алтын, криптовалюта тәрізді бағасы өсіп келіп, аяқ асты бағасы құлап қалуы мүмкін.
Дмитрий Казанцев, сарапшы:
- Ойын индустриясы мені таңғалдырғаны рас. Бұған дейін бұл салада осыншама қаражат айналымда болады деп ойламаппын. Қазақстандық тұтынушылардың да белсенділігі жоғары екенін көріп отырмыз. Бұл елімізде ойын нарығының ауқымы кеңейіп, оған деген сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді.
Steam биыл ел қазынасына алғашқы жартыжылдықта 11,21 млрд теңге қосымша құн салығын төлеп, өзге платформаларды басып озды. Temu 10,06 млрд қаржы аударса, Apple 8,54 млрд теңгемен үшінші орынға жайғасқан.
Дмитрий Казанцев, сарапшы:
- 11 млрд теңге. Бұл алғашқы 6 айдағы қосымша құн салығының 16 пайызын ғана құрайды. Негізі таңғаларалық дүние. Сондай-ақ ойынға шектеу қойылған кейбір көрші елдің азаматтары да Қазақстан аймағы арқылы тіркеліп, төлем жасайды. Ол да өз әсерін береді. Десе де қазақстандықтардың үлесі басым. Әрине, бір жағынан мемлекетке пайда әкелсе, екінші жағынан компьютерлік ойындарға тәуелді адамдардың көбейгенін білдіреді.
Осылайша, цифрлық ойын индустриясы Қазақстан экономикасындағы ірі қаржы көзіне айналып отыр. Steam-нің салық түсімдерінің алпауыт маркетплейстер мен технологиялық компанияларды басып озуы ойын нарығының әлеуеті зор екенін көрсетеді. Демек бүгінде компьютерлік ойындар тек көңіл көтеру құралы емес, бюджетке қомақты табыс әкелетін ірі бизнес саласы деген сөз.
Авторлары: Мерей Қанапия, Ғалымжан Абдулахат