Астана – Ыстықкөл – Астана: Елордалықтар енді Ыстықкөлге тікелей әуе рейсімен барады
Астана халықаралық әуежайынан жаңа маусымдық бағыт ашылады, деп хабарлайды «24KZ».
3 шілдеден бастап жаңа маусымдық Астана – Ыстықкөл (Тамшы) – Астана бағыты қолжетімді болады. Рейстерді отандық FlyArystan әуе компаниясы орындайды.
Жаңа бағыт бойынша әуе рейстері 2026 жылғы 3 шілде мен 31 тамыз аралығында аптасына екі рет – дүйсенбі және жұма күндері жүзеге асырылады.
Астанадан ұшақ сағат 07:30-да ұшып, Тамшы халықаралық әуежайына жергілікті уақыт бойынша 10:45-те қонады.
Қайтар рейс Тамшыдан сағат 12:00-де ұшып, Астанаға 13:20-да жетеді.
Әуе билеттері FlyArystan әуе компаниясының ресми сайтында, мобильді қосымшасында және басқа да ресми сату арналары арқылы сатылымға шығарылды.
Жаңа бағыттың ашылуы – Астана халықаралық әуежайының халықаралық маршруттық желіні дамыту және елорда тұрғындары мен қонақтары үшін саяхат мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі жүйелі жұмысының жалғасы. Бүгінде әуежайдан әлемнің ондаған халықаралық бағытына тұрақты рейстер орындалады.
Ал жаңа бағыттардың іске қосылуы Қазақстанның шетел мемлекеттерімен туристік, іскерлік және мәдени байланыстарын одан әрі нығайтуға ықпал етеді.
Астана халықаралық әуежайы әуе компанияларымен бірлесіп маршруттық желіні кеңейту жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыра отырып, жолаушыларға жайлы, қауіпсіз әрі қолжетімді әуе қатынасын ұсынуға басымдық береді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз