Қазақстанда зейнетақы жүйесін реформалаудың бірнеше моделі талқыланып жатыр

Фото: gov.kz

Қазақстанда зейнетақы жүйесін жетілдіруге бағытталған бірнеше жаңа модель қарастырылып жатыр, деп хабарлайды «24KZ».

Бұл мәселе ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен арнайы жұмыс тобының отырысында талқыланды.

Жиынға мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының және салалық ұйымдардың өкілдері қатысып, зейнетақы жүйесін жаңғыртудың түрлі тәсілдері ұсынылды.

Талқылауға ұсынылған негізгі модельдердің бірі – Сингапур тәжірибесіне негізделген жүйе. Бұл тәсіл міндетті зейнетақы капиталын қалыптастыруды көздейді. Сонымен қатар азаматтарға зейнет жасына дейін жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, білім алуға, емделуге немесе инвестициялауға пайдалану мүмкіндігі беріледі. Жарналар үш түрлі шотқа бөлініп, олардың бірі тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталады.

Зейнетақы жүйесін реформалау кезінде қаржылық тұрақтылықпен қатар әлеуметтік әділеттілік қағидаты да басты назарда болуы тиіс, – деп атап өтті отырысқа қатысушылар.

Алайда сарапшылар ұсынылған модельдің әлеуметтік осал топтардың, соның ішінде мүгедектігі бар азаматтар мен ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың мүдделерін қаншалықты қорғайтынына қатысты қосымша зерттеу қажет екенін айтты.

Бұдан бөлек, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры әлеуметтік зейнетақы төлемін енгізу тетігін ұсынды. Бұл модель бойынша төлем мөлшері азаматтың орташа айлық табысының медианалық жалақыға қатынасына және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына байланысты есептелмек. Мұндай тәсіл зейнетақы жүйесіндегі ынтымақты құрамдасты күшейтуге бағытталған.

Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жұмыс беруші аударымдарының 4 пайызын азаматтың жеке зейнетақы шотына, ал 1 пайызын ынтымақты (сақтандыру) құрамдасқа аударуды ұсынды. Бұл модель жинақтаушы жүйе мен сақтандыру тетіктерін ұштастырып, өмір бойғы төлемдер қағидатын дамытуға мүмкіндік береді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазіргі таңда барлық ұсыныстың сараптамалық талқылау кезеңінде екенін мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, түпкілікті шешімдер әрбір бастаманың әлеуметтік әділеттілікке, қаржылық тұрақтылыққа және халықтың түрлі санаттарына ықпалы жан-жақты сараланғаннан кейін қабылданады.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз