Елімізде егін ору науқаны басталды

Елде орақ науқаны басталды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, диқандар әр гектардан орташа есеппен 20 центнер өнім алып жатыр. Ал егістікті сақтандыру үшін өтінім қабылдау мерзімі ұзартылды.

Орақ науқаны: 20 ц/га өнім алынып жатыр 

Егінге орақ түсті. Шіліңгір шілдеде диқандар сайманын сайлап, құралын майлап, қызу еңбекке кірісіп кетті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, науқан Алматы, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Түркістан, Жетісу, Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында жүріп жатыр. Бүгінде 630 мың тоннадан астам дәнді-дақыл бастырылған. Әр гектардан орташа есеппен 20 центнер өнім алынып жатыр. Бұл былтырғыдан бір жарым есе көп. Соның ішінде 461 мың тонна бидай жиналды. Ал арпаның үлесі 158 мың тонна шамасында. Науқанды уақтылы әрі сапалы өткізу үшін диқандар ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз етіліп жатыр. Егістік алқаптарына 134 мың трактор, 5 600 егіс кешені мен 71 мың тұқым сепкіш жұмылдырылған. Мемлекет тарапынан шаруаларға төмен бағамен 400 мың тоннадан астам дизель отынын бөлу жоспарланып отыр.

Әбдуәлі Әкірамов, диқан:

- Біз осы «Стекловидті» егеміз. Мұнда мынадай қылтанақтар көп болғаны үшін құстар қонып, жей алмайды. Сол үшін біз осы сортты көп егеміз. Бұл біздің табысымызды арттырып жатыр. Мысалы, басқа сортқа қарағанда суды жақсы көтереді. Бойы 1 метр, 1 метр 20 см дейін өсе береді. Бұл бидайдың калориясы күшті бұның, мал бордақылауға жақсы. 

ОРАҚ НАУҚАНЫ

Алматы облысы

Жамбыл облысы

Қостанай облысы

Қызылорда облысы

Түркістан облысы

Жетісу облысы

СҚО

БҚО

Шымкент 

ОРАҚ НАУҚАНЫ

634 мың т дәнді дақыл

Орташа өнім 20,6 ц/га

461 мың т бидай

157,8 мың т арпа

140 мың трактор

5 600 егіс кешені

71,4 мың тұқым сепкіш

401 мың т дизель отыны

Қоймаларға 30 млн тонна астық сыяды 

Елдегі астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30 млн тоннадан асады. Бұл жоспардағы өнім көлемін қабылдауға толық жеткілікті, дейді сала басшысы. Агрометеорологиялық мониторинг деректеріне сәйкес, ауа райының әркелкі болуына қарамастан, егістік алқаптарының басым бөлігінде ылғал қоры оңтайлы деңгейде сақталған.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Кейінгі 2 жылдың ішінде біраз қаржыландыру мәселесі шешілді. Бұрын 70-ақ млрд болатын, қазір 1 трлн теңгеден асып кетті. Соның арқасында шаруашылықтар жақсы жұмыс істей бастады. Оның ішінде агротехнологияны сақтап, уақытында сапалы тұқым алып, тыңайтқыш-гербицид алып, техниканы жаңартып, уақтыныда жүргізгеннің нәтижесінде 2 жылда рекордтық урожай алдық. Биыл да қаржыландыру қазан айында басталды. Шаруашылықтар ерте дайындық жүргізді.

Астық өңдейтін жаңа кәсіпорындар ашылады 

 Қазақстанның астығына әлемдік нарықта сұраныс жоғары. Кәсіпорындар ішкі нарықтан артылғанын шетелге сатады. Соның ішінде оңтүстік-шығыс Азия, Таяу Шығыс, тіпті Еуропаны былай қойғанда, Африка елдеріне дейін астық экспортталып жатыр. Бүгінде шикізаттан гөрі терең өңделген өнімге басымдық берілген. Алдағы үш жыл ішінде бұл бағытта 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Шетелдік ірі компаниялармен тиісті келісім жасалып, кейбір нысандардың құрылысы басталып кетті. Осы жобаларға 2 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылады. Соның нәтижесінде 3 300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылуы мүмкін.

Оңтүстікке азықтық бидай жеткізіле бастады 

Солтүстік өңірлерден оңтүстікке қарай азықтық бидай тасымалдана бастады. Шілде айының соңына дейін Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Түркістан облысына 20 мың тонна өнім жөнелтуді жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде Түлкібас кентіндегі элеваторға 3-4 санаттағы 15 мың тоннадай азықтық бидай жеткізілген. Соның 10 мың тоннаға жуығы Ақмола облысынан, ал қалғаны Солтүстік Қазақстан облысынан алынған. Бұл қажетті теңгерімді сақтауға, астық аз өндірілетін аймақтарда сұраныс артса, өніммен уақтылы қатамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Шаруаларға қосымша мүмкіндік

Егістікті сақтандыру үшін өтінім қабылдау мерзімі 31 шілдеге дейін ұзартылды. Рәсімдердің барлығы, яғни өтінімнен бастап төлемін алғанға дейінгі аралық Kezekte.kz платформасында орналастырылған Qalqan ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік қолдау аясында диқандар үшін сақтандыру полисінің құны 80%-ға төмендетіліп отыр.