Шығыста көлікті сертификаттау орталығы ашылады

Өскеменде инженер-машина жасаушылардың халықаралық орталығы ашылады. 

Қазір жергілікті техниктер Қытайдың жетекші автоөндіруші кәсіпорындарында арнайы оқудан өтіп жатыр. Олар электромобильдерді жөндеу мен қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін болады. Нақтырақ айтсақ, шет елде алған білімін отандық автоөндірушілерге үйретеді. Болашақ тәлімгерлер тамыз айында жұмысқа кіріседі. 

Елімізде 24 мыңнан астам электромобиль бар. Соңғы бір жылда 55 процентке көбейген. Автосалондар мен дилерлік орталықтарда арнайы мамандарға сұраныс артты. Электр қозғалтқыш пен қуатталатын батареяны  жөндеп, диагностика жасай алатын кадр керек. Өскемендегі Лу Бань шеберханасы қажетті мамандарды даярлап жатыр. Халықаралық сертификат алған тәлімгерлер енді Орталық Азия елдерінің автоөндірушілеріне қызмет көрсетеді. Солардың бірі шеберхана жетекшісі Анасыр Мейрашев. Үш жыл қатарынан Қытайда тағылымдамадан өткен маман электр көлігіне қызмет көрсету мен техникалық ерекшеліктерді әзірлеуге қатысқан.

Анасыр Мейрашев, Лу Бань шеберханасының басшысы:

- Электромобильдер біздің нарыққа енді ғана келіп жатыр. Тоқпен жүретін көліетер мен гибридті автомобильдер біздің климат жағдайына қаншалықты төзімді екені нақты белгісіз. Сондықтан ондай көліктердің ақауын бірден анықтайтын білікті мамандарға сұраныс үлкен.

Қазақстандық ғалымдар қазір өздігінен жүретін көліктерді сынақтан өткізіп жатыр. Болашақта нарықта көліктің осындай түрі де пайда болады. Сондықтан өңірлік техникалық университет мамандары Орталық Азияның ірі автоөнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлерін үйрете бастайды. Тамыз айында басталатын оқу бағдарламасы "ақылды авто" тақырыбында өтеді.

Сәуле Рахметуллина, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры:

- Біздің серіктестер біздің базамызға келіп, осы университеттің оқытушыларымен бірге, ғалымдармен бірге осы сертификаттау процесін әзірлейді. Тамыздың аяғында және қыркүйектің басында жиырма шақты дилерлік орталықтың адамдары осы Орталық Азиядан бізге келіп бірінші пилоттық ретінде сертификациядан өтеді.

Электромобильді сертификаттау орталығының оқу бағдарламасы болашаққа бағдарланған. Себебі сарапшылар электромобильдер нарығының өсуі оларға қызмет көрсету көлеміне де тікелей әсер етеді дейді.

Елдос Кәкенов, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин