Қазақстанда Германиядан әкелінген асыл тұқымды сиырлардан сүт өндіріледі

Фото: gov.kz

Солтүстік Қазақстан облысындағы «СК Агро 2050» ЖШС-нің сүт-тауарлы фермасына Германиядан голштин-фриз тұқымының 165 асыл тұқымды қашарының алғашқы партиясы жеткізілді, деп хабарлайды 24KZ Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Қажетті рәсімдер Қарағанды әуежайында жүргізілгеннен кейін мал Мағжан Жұмабаев ауданындағы сүт-тауарлы фермаға жеткізілді. Қазір әкелінген мал карантинге орналастырылып, оған ветеринариялық-профилактикалық шаралар жүргізіліп жатыр.

Жоба аясында барлығы 660 бас жоғары өнімді асыл тұқымды мал әкелу жоспарланған. Қалған 495 қашар кезең-кезеңімен жеткізіледі.

Асыл тұқымды мал сатып алу Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында жүзеге асырылып отыр. «Береке» бағдарламасы бойынша жобаны іске асыруға «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 1,4 млрд теңге қаржы бөлінген.

Жоғары өнімді мал әкелу сапалы аналық табын қалыптастыруға, сауынды мал санын арттыруға және сүт өндірісінің өнімділігін көтеруге мүмкіндік береді. Мемлекеттік қолдау кәсіпорынды технологиялық жаңғыртып, өндірістік қуатын кеңейтуге жағдай жасап отыр.

Жоба бойынша фермадағы мал басын кезең-кезеңімен 12 мың басқа дейін жеткізу көзделген. Кешен жобалық қуатына шыққан кезде тәулігіне 150 тоннаға дейін сүт өндіру жоспарланып отыр. Сонымен қатар жобаны іске асыру нәтижесінде 120-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылады.

Сүтті мал шаруашылығын дамыту, отандық өнім өндірісін арттыру және асыл тұқымды мал қорын нығайту – аграрлық саясаттың басым бағыттарының бірі. Жоғары өнімді асыл тұқымды малды пайдалану сүт өндірісінің тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз: