Елде төртінші мұнай өңдеу зауыты салынады
Қазір нысанның қай аймақта бой көтеретіні пысықталып жатыр. Нақты шешім көп ұзамайды, жыл аяғына дейін қабылдануға тиіс. Белгілісі, ірі зауыттың жылдық қуаты жылына 10 млн тоннаға жетеді. Қашаған мен Теңіз кен орындарының мұнайы, сондай-ақ қолданыстағы құбыр инфрақұрылымы арқылы аралас шикізатты пайдалану нұсқалары қарастырылып жатыр.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ауқымды жобаны елдің энергетикалық тәуелсіздігін ұзақ уақыт қамтамасыз ететін «Стратегиялық маңызды қадам» деп бағалайды. Нысанның құрылысы 3-4 жылда аяқталуы керек.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
- «Самұрық Қазына» ұлттық қоры қазір осы жұмыстарды жүргізіп жатыр. Осы жылдың аяғына дейін нақты шешім қабылданады. Қазіргі таңда алаңын таңдап жатырмыз. Ол Маңғыстау облысы, Атырау облысы, Ұлытау облысы немесе Оңтүстік Қазақстанда орналасатынын, қазір бәрін таңдап отырмыз және зерттеп отырмыз. Оған қоса электр энергияның көздері, су көздері, т.б. қажеттіліктерін айқындаймыз.