Цифрлық активтер ел экономикасының маңызды бағытына айналады
Елде цифрлық активтер саласының заңнамалық және инфрақұрылымдық негізі толық қалыптасты. Ендігі міндет – саланы одан әрі дамытып, ел экономикасына нақты пайда әкелу. Бүгін Үкіметтегі күн тәртібіне цифрлық активтер бағытын ілгерілету мәселесі қойылды.
Альмира Оразбай, тілші:
- Ақша – тек қағаздан пластикалық картаға емес, цифрлық форматқа да көшіп жатқаны жасырын емес. Еліміз бұл нарықты жай ғана бақылап қоймай, осы бағытты дамытып, әлемнің алпауыт елдерімен теңесіп келеді. Бұған дейн майнер туралы толық түсінік болмаған. Ал осыдан 3 жыл бұрын Цифрлық активтер туралы заң күшіне енді. Содан бері майнерлерді лицензиялау жүйесі енгізіліп, майнинг пулдар аккредиттелді. Олардың жабдықтары да есепке алына бастады.
Ғиззат Байтұрсынов, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі
- 2025 жылы Қазақстанда майнинг пулдар арқылы шамамен 3600 биткоин өндірілді. Яғни 2023 жылмен салыстырсақ, өндіріс көлемі 4 есеге өсті. Салық түсімдері бойынша да айтарлықтай өсім бар. 2023 жылы саладан бюджетке 9 млрд теңге түссе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 22,4 млрд теңгеге жетті. Яғни салық түсімдері 2,5 есеге жуық өсті. Бұл – енгізілген жүйенің нақты нəтижесі. Майнерлер есепке алынды, өндірілген цифрлық активтердің айқындалды, ал бюджетке түсетін салық көлемі артты.
Кейінгі 2 жылда цифрлық активтерге қатысты заңнама едәуір жаңартылды деп нық айта аламыз. Ал биыл Мемлекет басшысы Цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту шаралары бойынша Жарлыққа қол қойды. Құжатта үш негізгі бағыт көзделген. Алғашқысы – активтерді көлеңкелі нарықтан шығару. Екіншісі – салықтық ынталандыру. Ал соңғысы – пайдаланылмай жатқан ресурстарды цифрлық майнингке тарту.
Ғиззат Байтұрсынов, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі:
- Цифрлық майнингке қатысты бірқатар шектеулер алынды. Өндірілген цифрлық активтердің 75%-ын «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржалары арқылы міндетті сату талабы жойылды, майнерлерге контейнерлік шешімдерді пайдалануға рұқсат берілді, майнерлердің тек бір ғана қызмет түрімен айналысу талабы жойылды. 2026 жылғы қаңтарда цифрлық активтердің жаңа түрлерін реттеу енгізілді. Оған цифрлық қаржылық активтер, стейблкоиндар, криптопровайдерлер жəне платформа операторлары кіреді.
Цифрлық активтердің тағы бір үлкен жетістігі – цифрлық теңге. Ол блокчейн технологиясымен жасалған ұлттық валюта. Оның көмегімен бюджет қаражатының әрбір тиыны қайда бағытталып жатқанын нақты көруге болады. Қысқасы, цифрлық активтер – дамыған елдің болашағы. Ал біз сол болашаққа қадам басып қойдық.
Авторлары: Альмира Оразбай Ержан Қанапияұлы