Астанада 9 көлік ауыстыру торабы салынады
Астанада автобустар ғана емес, пойыз да жүретін болады. Бұл ЛРТ емес. ЛРТ Қосшы, Жағалау, ескі вокзалға қосылғаннан кейін, тағы 9 бағыт бойынша құрылыс басталады. Ал ескі вокзал мен жаңа вокзалдың арасында, электр пойызы қатынайды. Бұл ғана емес. Енді Астанаға сырттан келген қонақтар көлігін қала сыртына немесе вокзал мен ЛРТ аумағына қаңтарып қойып, өздеріне қолайлы қоғамдық көлікпен жүре алады. Бұл үшін арнаулы көлік ауыстыру тораптары салынады. Бұл қандай торап?
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Астанада шамамен 461 мың көлік жүйткіп жүр. Яғни осынша техника тіркеуде тұр. Мұның кейбірі жүрмей қалғанның өзінде олардың орнын сырттан келгендер толтырады. Көліктің көптігі экологиялық зиянынан бөлек, жолда кептеліс туғызып, қозғалысты тежейді. Осы мәселені шешу үшін арнаулы көлік ауыстыру тораптары салынады. Мұндай тораптар қаланың Бас жоспарына сәйкес, әуежай, екі теміржол вокзалы және қалаға кіреберіс жолдардың бойында орналасады.
Әсел Досболқызы, қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының баспасөз хатшысы:
- Астана Бас жоспарында 9 көлік торабы қарастырылған. Бұл кептелісті азайту мақсатында қарастырылатын тораптар. Яғни ол жерде басқа аймақтардан келетін жолаушылар өздерінің көліктерін тастап, басқа қоғамдық көліктерге ыңғайлы ауыса алатындай мүмкіндік жасау. Сонымен қатар ол жерлерде іскерлік және қоғамдық орындарда болашақта қарастырылған.
Астана ішінде электр пойызы жүреді
Астанада қоғамдық көлік көбейіп келеді. Автобустарға ЛРТ қосылды. Келешекте қала ішінде электр пойызы жүре бастауы мүмкін. Бұл үшін жаңа теміржол немесе эстакада қажет емес. Екі вокзал арасындағы рельс қолданылуы мүмкін. Жол бойында стансалар қарастырылған. Тиісті Ғылыми-зерттеу жобалау институтының бізге берген жазбаша жауабы осындай.
«Алынған есеп-қисап деректері теміржол көлігі қалаішілік жолаушылар тасымалын дамыту әлеуеті бар екенін көрсетті. Осыған орай ұзақ мерзімді перспективада, яғни 2050 жылға қарай қала ішінде әрқайсысы 500 жолаушы тасымалдайтын шамамен 5 пойызды пайдалануды жоспарлау қажет екені анықталды. Қолданыстағы «Астана-1 – Нұрлы жол» теміржол бағытын пайдалана отырып, негізгі магистральдардың (Пушкин, Қошқарбаев көшелері) қиылысында станцияларды орналастыру мүмкіндігі қарастырылады».
LRT желісіне тағы 9 бағыт қосылады
Елордада қазір ЛРТ әуежай мен жаңа теміржол вокзалы арасында қатынап жүрсе, келер жылы ескі вокзал, Жағалау және Қосшыны жалғайды. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. ЛРТ желісі мұнымен тоқтап қалмайды. Бұдан кейін тағы жаңа бағыттар қосылады.
Әсел Досболқызы, қалалық Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының баспасөз хатшысы:
- 2022 жылғы көрсеткіш бойынша тәулігіне 616 мың тұрғын қоғамдық көлікті пайдаланса, 2035 жылға қарай бұл көрсеткішті 2,1 есе арттыру жоспарлануда. Қазіргі уақытта «Астана Тарланға» деген халықтың сұранысын байқауға болады. Осыған орай, Бас жоспарда 2035 жылға қарай 3 маршрут, ал 2050 жылға қарай 6 маршрут қарастырылған.
Құжатта «трамвай желісі» ұғымы пайда болды. Алайда мамандардың айтуынша, бұл нақты трамвай қолданысқа берілетінін білдірмейді. ЛРТ қарастырылмаған аумақтарда өзге де қоғамдық көлік түрлері, соның ішінде арнайы жолақпен жылдам жүретін автобус қолданылуы мүмкін. Жоба техникалық-экономикалық негіздемеден кейін ғана белгілі болады.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Ғалымжан Абдылахат