ШҚО-да транзиттік жол жобасы жанданады

Шығыс Қазақстандағы Риддер бір жағы Ресей, бір жағы Моңғолия шекарасына тиіп тұр. Бірақ барыс-келіс үшін мақтана алмаймыз. Риддерден Ресейге апаратын трассаның Қазақстандағы бөлігі 2000-шы жылдардың басында салынған. Дәл осындай құрылыс көрші елде де жүргізілуі тиіс еді. Бірақ 20 жылдан аса уақыт тоқтап тұр.

Ресейлік тарап жобаны енді ғана жандандыруға кірісті. Ал жоба іске асса, Риддер транзиттік қала мәртебесін алуы мүмкін.

Риддер – географиалық тұрғыдан тұйықта орналасқан қала. Туризмді түлетіп, сауда-саттықпен айналысу оңай емес. Сондықтан кеншілер шаһары мен  Ресейдің Алтай өлкесінің арасында халықаралық жол салу туралы ұсыныс талай рет талқыланды. Екіжақты форумдарда айтылды. Осыдан кейін қазақстандық тарап 62 шақырым жолдың негізгі қабатын салды.

Александр Серов, жүк көлігінің жүргізушісі:

- Жол қатынасы қиын екені рас. Жеңіл көліктер қалай барып, келіп жүргенін білмеймін. Мен өзім мына жүк көлігімен әрең жүрмін. Толық жөндесе, жақсы болар еді.

Ресей жағы құрылысты кешіктіргенімен, екі елдің сала басшылары биыл бұл мәселеге қайта оралды. Жақында мемлекетаралық комиссия жол түсетін аумақты аралап, зерттеу жүргізбекші. Сарапшылардың айтуынша, бұл трасса тек Шығыс Қазақстанмен Ресейді ғана байланыстырып қоймай, Моңғолияға апаратын ең қысқа маршуртқа айналады. Сөйтіп үш елді жалғайтын хаб болады.

Алмас Қасенов, «ҚазАвтоЖол» ҰК ШҚО филиалы директорының орынбасары:

- Қазіргі кезде Моңғолия еліне дейін бару жолдың ара қашықтығы – 1700 шақырым. Егер аталған жоба іске асып жатса, жол жартысы қысқарады екі есеге, 850 шақырымға. Сол себепті осы комиссиялық шешімнен кейін оң көзін табады деп ойлаймыз. Қазақстан жағы негізі дайын.

Халықаралық жол құрылысы аяқталса, Риддер тұрғындары үшін тиімді болмақ. Сауда-саттық дамып, барыс-келіс, алыс-беріс жеңілдейді. Туристік әлеует артады. Биыл жазда мұнда 6 мың адам демалды. Солардың дені – Қытай мен Ресейден келгендер.

Думан Рахметқалиев, Риддер қаласының әкімі:

- Транзитті қала болсақ, Ресеймен тауар айналымы қарқын алады. Инфляция тұрақтайды. Әсіресе туристік мүмкіндіктерімізді толық пайдалана аламыз. Ол жақта туризм өте жақсы дамыған. Біз де қалыспай, түрлі демалыс орындарын ашамыз.

«Осылайша бұл маңызды бастаманың ендігі тағдыры екі ел өкілдерінен құралған комиссия шешіміне байланысты», - дейді мамандар. Егер оң шешім тапса, Риддер транзитті қала мәртебесін алуы мүмкін.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов

Сондай-ақ оқыңыз: