eGov елге табыс түсіре бастады
Электронды үкімет үдерісіне жаһан жұрты жаппай көшіп жатыр.
Қазақстанға қолқа салып, eGov-ты меңгеруге ниет білдірген елдердің қатары көбейген. Алыс-жақын шет мемлекеттер тың технологияның тәжірибесін зерттеп, өз халқына ұсынғысы келеді. Ал Қазақстанның мұндай қызығушылықтан көретін пайдасы көл-көсір.
eGov-пенен ел көгереді. Цифрлық технология қолдансаң қолайлы, сатсаң табысты GovTech жүйеге айналды. Біздің платформаға шет мемлекеттер қызығып, өз еліне енгізгісі келеді. Бұл үшін ақша төлеуге де дайын. Негізінен eGov белгілі бір сомаға сатылмайды. Бірақ одан әртүрлі келісім арқылы жанама пайда түседі. Мысалы, біздің тарап консалтинг, мамандарды оқыту, жүйені басқару үшін табыс табуы мүмкін.
Кейінгі бір жылдың өзінде егов технологиясына Латын Америкасы, Таяу Шығыс, Африка, ТМД және Еуропаның ондаған елімен байланыс орнатқан. Бірқатар ел серіктестік аясын кеңейтуге ниет білдірді. Оның арасында Тәжікстан, Кения, Лаос, Камбоджа, Моңғолия сынды мемлекеттер бар.
Алайда келісім жасалған нақты елдер туралы мәлімет пен одан түсетін қаражат көлемі бізге әзірге беймәлім. Іскерлік құпия сақталған. Оның үстіне аталмыш тәжірибе енді қолға алына бастады. Десе де, бастаманың әлеуеті жоғары дейді мамандар.
Айбар Қасқатай, “Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ Стратегия бойынша басқарушы директоры:
- Әр елдің заңнамасы инфрақұрылымы және цифрлық даму деңгейі әртүрлі. Сондықтан біз бір ғана дайын шешімді ұсынбаймыз. Серіктестің қажеттілігіне қарай бейімделінетін технологиялар, әдістемелер оқыту және пилоттық жобаларды ұсынамыз. Бұл цифрлық тәжірибені кезең кезеңімен халықаралық деңгейде дамытуға мүмкіндік береді. Ынтымақтастық форматы әртүрлі болуы мүмкін. Консультациялық қолдау, оқыту немесе бірлескен өнім әзірлеу.
Өткен айда елге Камбоджа делегациясы келді. Олар eGov-тің мобильді қызметтерімен танысып, деректерді талдауды және жасанды интеллектіні қолдау тәжірибесіне қызыққан. Нәтижесінде, қонақтар жоғары бағасын беріп кетіпті. Диджитал бридж аясында бұл үдеріске қосылып жатқан елдердің саны көбейе түсті.
Айдана Тамшыбай, “Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ Өнімдерді ілгерілету департаментінің аға менеджері:
- Шетелдік әріптестерді қазақстанның цифрлық қызметтерді біртұтас жүйе ретінде дамыту тәжірибесі қызықтырады яғни портал мен мобильді қосымшаны жасау ғана емес қызметті азаматқа басынан аяғына дейін ыңғайлы ету үшін жұмысты қалай ұйымдастырғанымызды білгісі келеді. Сонымен қатар деректерді талдау мен жасанды интеллектіні қолдану бағыттарында да қатты қызығушылығы бар.
Бекзат Аманов, тілші:
- Қазақстан БҰҰ-ның Электронды үкіметті дамыту индексінде 24-орында тұр. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматта көрсетіледі. Ал олардың 96 пайызға жуығы смартфон арқылы қолжетімді. Былтыр 50 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген.
Шетелмен тәжірибе алмасудағы мақсат − қысқа мерзімде пайда емес, ұзақ мерзімді серіктестік орнату. Оған қоса өзара тәжірибе алмасып, Қазақстанның гофтек саласындағы сенімді серіктес ретінде беделін нығайту. Мұндай ынтымақтастық отандық мамандардың жаңа халықаралық жобаларға кіруіне жол ашады.
Бекзат Аманов, Мерей Талап