Қазақстанда 2030 жылға дейін 21 жаңа логистикалық орталық салынады

Фото: ЖИ

Қазақстанда 2030 жылға дейін 21 жаңа логистикалық орталық салу жоспарланып отыр. Қазір елімізде 46 орталық жұмыс істейді. Сонымен қатар шетелде үш терминал іске қосылған, тағы жетеуінің құрылысы мен іске асыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында көлік вице-министрі Талғат Ластаев мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ»

Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттер аясында халықаралық жүк маршруттарын кеңейту және Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру жұмыстары жалғасуда. Көлік инфрақұрылымын дамыту үшін автомобиль жолдары мен өткізу пункттері де жаңғыртылады.

«Ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Арал–Каспий автожолының құрылысы. Жұмыс тамыз айында басталды. Жоба 2028 жылы аяқталады. Көкшетау – Петропавл учаскесі бойынша биыл дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады. Сонымен қатар 37 автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Оларды 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған», — деді вице-министр.

Елдің әуе транзиттік әлеуетін дамытуға назар аударылады. Үш жыл ішінде барлық ұшу-қону жолақтары мен жолаушылар терминалдарын жаңарту, жанармай құю кешендері мен жүк терминалдарын жаңғырту көзделген. Аэронавигациялық қамтамасыз ету жүйесін ең заманауи талаптарға сай жаңғырту жұмыстары басталды. Ұлттық жүк тасымалдаушы «Эйр Карго» келісімшартқа қол қойды. Осы жылдың қараша айында алғашқы Airbus A340 әуе кемесінің келуі күтілуде. Екінші әуе кемесін жеткізу келесі жылдың наурыз айына жоспарланған. Нәтижесінде әуе кемелерінің жалпы саны 10-ға жетеді.

Көлік саласын толық цифрландыру үшін «Е-Көлік» интеллектуалды платформасына біріктіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жүйе қағаз құжатынан бас тартуға, құжаттарды рәсімдеу уақытын қысқартуға, жүк қозғалысын маршрут бойынша бақылауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз: