Аграрлық саланы қолдауға бөлінетін қаржы көлемі артады - Айдарбек Сапаров
Аграрлық саланы жеңілдікпен қаржыландыру көлемі ұлғайып, отандық ауыл шаруашылығы техникасын жасауға қолдау күшейтіледі, деп хабарлайды «24KZ».
2026 жылы шаруаларды ұзақмерзімді жеңілдетілген қаржыландыруға «Бәйтерек» холдингі арқылы 270 млрд теңге қарастыру жоспарланды. Мал шаруашылығын қолдауға 84 млрд теңге, ал отандық ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді дамытуға 50 млрд теңге бөлу ұсынылып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, шаруаларды қаржыландыру үшін бюджет қаражаты мен коммерциялық қаражатты ұштастыру тетігі көзделген.
Шаруаларды ұзақмерзімді жеңілдетілген қаржыландыру үшін бюджет қаражаты мен коммерциялық қаражатты ұштастыру тетігі көзделген. Бұл ұзақмерзімді қаражаттың қолжетімділігін арттырып, қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы қаржы жеткіліксіз болған жағдайда да уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты «Бәйтерек» холдингі купондық сыйақыны субсидиялау тетігі арқылы бюджеттен тыс қаражат тартуды жалғастырып, оны агроөнеркәсіп кешеніне несие беруге бағыттауы қажет, — деді министр.
Сонымен қатар «ҚазАгроҚаржыға» қосымша 37,5 млрд теңге бөлу ұсынылды. Бұл 2027 жылы ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингіне 200 млрд теңге тартуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін кеңінен тарату бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуға жеңілдетілген несие беру үшін қосымша 50 млрд теңге бөлу ұсынылып отыр.