ҚР Президентінің жеке сектордың дамуын назарға алғаны өте орынды – британдық сарапшы

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған жолдауында шағын және орта бизнесті дамытып, кәсіпкерлер арасында бәсекелестік орта қалыптастыруға айрықша көңіл бөлді.

«Мемлекет басшысының әсіресе жеке сектордың дамуын назарға алғаны өте орынды», - дейді британиялық сарапшы Алан Спенс. «Батыс елдерінің экономикасы жеке секторға ғана емес, мемлекет пен жеке кәсіпкерлік арасындағы әріптестікке де тәуелді. Президент өз жолдауында осыған ерекше назар аударып отыр. Ал бұл Қазақстан экономикасының дамуында стратегиялық маңыздылығы бар инфрақұрылым, ірі өнеркәсіп сияқты салалардың жетілуіне әсер етеді», - дейді шетелдік сарапшы.

Алан Спенс, британиялық сарапшы:

- Мен Президент Назарбаевтың Қазақстан үшін жасаған қызметін құптаймын. Ол 2050 жылға қарай елді дамыған 30 елдің қатарына қосуға барлық мүмкіндіктер бар екенін жақсы біледі. Қазақстан қиындыққа толы 25 жылда үлкен серпіліс жасады. Президент жолдауында қауіпсіздік мәселелеріне көңіл бөлінді. Мемлекеттік секторды сандық жүйеге көшіруде айрықша маңызға ие «Қазақстанның киберқалқаны» жүйесін қалыптастыру мәселесі де көтерілді. Бұл әлемде кең тараған тәжірибе. Бірақ ол сақтықты қажет етеді. Егер пайдасы болсын десеңіз. Мұндай жүйені енгізу арқылы мемлекеттік сектор сипаты өзгеріп, алға ілгерілеу болатыны сөзсіз.