Өзбекстан әлемде соғыс жүріп жатқан аймақтардан 531 адамды қайтарды
Қазақстан соғыс қимылы жүріп жатқан аймақтан азаматтарын қайтарған аздаған мемлекеттің бірі.
Алғаш 2019 жылы басталған гуманитарлық операция нәтижесінде елге 750-ден астам отандасымыз оралған. Мұндай бастама Орталық Азияның өзге де мемлекеттерінде жүзеге асырылды. Айталық Өзбекстан лаңкестік оты шарпыған аймақтан 531, Қырғызстан 511 және Тәжікстан 381 азаматын қауіпсіз жерге көшірген. Бұл жайт Ташкентте бас қосқан сарапшылар мен Бірікен Ұлттар ұйымы өкілдері тарапынан ерекше атап өтілді. Оралғандарды оңалту жөніндегі өңірлік кеңестің алғашқы отырысына үкіметтік орган жетекшілері де қатысты. Еліміз атынан Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов сөз сөйлеп, халықаралық ұйымдармен бірлесе жүргізілген «Жусан» операциясының маңызына тоқталды. Гуманитарлық іс аясында Қазақстанға 180 әйел, 500-ден астам бала және 37 ер адам қайтарылды. Жетім қалған 34 бала ата-әжесімен қауышты. Әйелдер мен балаларды оңалту, азаматтығын қалпына келтіру және құқықтық көмек алу мәселелері толық шешімін тапқан.
Гүлназ Раздықова, психолог, Сириядан оралған әйелдерді оңалту бағдарламасының ұлттық сарапшысы:
- Басқа шет елден, Америка, Еуропа елдері, Орталық Азия елдері біздің оңалту бағдарламаларымыздың нәтижесі өте зор деп айтуға болады. Қазір ол әйелдер мен балалардың қоғамға және мемлекетке еш қаупі жоқ деп айтуға болады. Бүкіл балалар ата-әжелері тарапынан қамқорлыққа алынды. Ол балалар мектепте оқиды. Басты миссия – гуманитарлық миссия. Бала мен әйелді айырмай, жетімдер үйіне бермеу.
Орталық Азия елдерінің соғыс қимылдары аймағынан азаматтарын қайтару тәжірибесі көп мемлекетке үлгі. Сол арқылы жат ағымның жетегінде кетіп, адасқандардың қалыпты өмірге оралуы мүмкін екені дәлелденді. Біріккен ұлттар ұйымы әлем елдеріне тәжірибені кең қолдануды ұсынып отыр.
Владимир Воронков, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, лаңкестікке қарсы басқармасының басшысы:
- Өкінішке орай, Сирияның солтүстік Шығысы мен Ирактағы лагерьлерде қаншама елдің азаматы тұтқында отыр. Біздің есебіміз бойынша олардың саны 55-60 мыңға жетеді. Бірінші кезекте әйелдер мен балалар жайлы айтып отырмыз. Оларды елдеріне қайтару және қалыпты өмірге бейімдеу тұрғысында атқарылатын жұмыс көп. Осы тұрғыда Орталық Азия елдерінің тәжірибесі аса маңызды дер едім.