СҚО-дағы қылмыстық топ рулі оң жақтағы көліктерді әкелген

Солтүстік Қазақстан облысында автокөлік контрабандасымен айналысқан трансұлттық қылмыс тобы құрықталды.

Олар темір тұлпарларды жалған кедендік құжат бойынша Ресей елінен Қазақстанға қосалқы бөлшек түрінде жеткізіп отырған. Экономикалық тергеу департаменті мен прокуратураның бірлескен жедел әрекетінің нәтижесінде қаладағы бірнеше қоймадан 54 түрлі маркалы автомобиль және 6 жүк көлігі тәркіленді. Тінту кезінде сезіктілердің заңсыз әрекеттерін растайтын мемлекеттік номерлер мен жалған құжат табылды. Ұсталған төрт күдікті екі ай мерзімге изоляторға қамауға алынды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Мемлекетке келтірілген шығын 650 миллион теңгені құрайды.

Виктория Пивоварова, облыстық экономикалық тергеу департаментінің басқарма басшысы:

- Бұл көліктердің рулі оң жақта. Қазақстан аумағына оларды әкелуге заңмен тыйым салынған. Қазір бұл фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің кінәсі дәлелденсе олар 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. Ал көліктердің тағдыры не болатыны әзірге белгісіз. Оны да сот шешеді.