Сұйытылған газдың бөлшек сауда бағаларын нарық реттейді

Сұйытылған газдың бөлшек сауда бағаларын нарық реттейді
Janalyq.kz

Қазақстанда 1 наурыздан бастап автогаз құю станцияларында сұйытылған мұнай газының бөлшек саудада бағаларын уақытша мемлекеттік реттеу тоқтатылды, деп хабарлады Энергетика министрлігінің Газ және мұнайгаз-химия департаментінің директоры Қуаныш Сәрсекеев.

Автогаз құю станцияларында автокөлікке май құю үшін сұйытылған мұнай газын өткізуге уақытша мемлекеттік реттеу 2020 жылғы сәуірде ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімі негізінде енгізілді, деп хабарлайды ҚР ЭМ баспасөз қызметі.

Энергетика, Ұлттық экономика және Әділет министрліктерінің бірлескен бұйрығы ТЖ кезінде және одан әрі қалпына келтіру кезеңінде автогаз құю станцияларында сұйытылған мұнай газының бөлшек сауда бағаларын ұстап тұруға мүмкіндік берді.

– Қазіргі уақытта АГҚС-тағы бөлшек сауда бағаларын нарық сұраныс пен ұсыныстарды ескере отырып белгілейді. СМГ бөлшек сауда бағасына Энергетика министрлігі жүргізген талдау көрсеткендей, АГҚС-тың ағымдағы бағасы пандемияға дейін 2020 жылғы 1 тоқсанға қарағанда орта есеппен республика бойынша 5%-ға төмен. Яғни, ағымдағы нарықтық бағалар бұрын қолданыста болған бағадан да төмен, – деді Сәрсекеев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Бұл ретте Энергетика министрлігі ай сайын ішкі нарыққа сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспарын қалыптастыруды жалғастыруда, оның 25%-і қазіргі уақытта электрондық сауда алаңдары (ЭСА) арқылы іске асырылуда. ЭСА-дан тыс өткізілетін СМГ министрлік тоқсан сайын бекітетін шекті көтерме сауда бағасы бойынша босатылады.

Ведомство СМГ-нің көтерме сауда бағасын 2021 жылдың I тоқсанына ҚҚС-сыз 38 701 тг/тонна деңгейінде бекітті (бағалар 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап өзгерген жоқ). 2020 жылы ол ұқсас деңгейде – ҚҚС-сыз 38 701 теңге/тонна болды, тек 3 тоқсанда ішкі нарықтағы СМГ-ның көтерме сауда бағасы сұйытылған газға әлемдік бағалардың төмендеуіне байланысты ҚҚС-сыз 28 000 тг/тонна деңгейінде белгіленді.

«Атамекен» ҰКП салалық қауымдастықтармен бірлесіп, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында мемлекеттік органдарға бұйрықтың қолданылу мерзімін шектеу бойынша бірнеше рет ұсыныс жасаған болатын. Осы бұйрықтың қолданылуы ұзартылған жағдайда кәсіпкерлерде штат пен қызметкерлердің жалақысын қысқарту қаупі туындайтын болады.

– Сондай-ақ жекелеген өңірлерде белгіленген төмен бағалар газ көлемінің неғұрлым жоғары бағалармен басқа өңірлерге ағылуына ықпал етіп, жекелеген өңірлерде СМГ тапшылығын тудыруы мүмкін, – деп толықтырды Сәрсекеев.