Атырау облысында мал қымбаттап кетті

Атырау облысында мал қымбаттап кетті. Әсіресе қой бағасы аспандап тұр. Бағаның көтерілуі жем-шөптің қымбаттауы салдарынан дейді жауаптылар.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Мұнайлы шаһардағы мал базарларда мынадай бағландардың бағасы 45-50 мың теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15-20 мың теңгеге қымбат. Ал осы жердегі ең қымбат деген қойдың құны 95-100 мың теңгені құрап отыр.

Мал іздеген тұрғындар мұндағы бағаны көріп басын шайқайды. Қымбатшылық қалтаға салмақ салып отыр. Атыраулықтардың айтуынша, мал  былтырғымен салыстырғанда 1,5-2 есеге дейін қымбаттаған. Базарда күніне 15-20 қой сатылады екен. Оны да керек адамдар амалсыз алады.

Жеміс Мұхтарова, қала тұрғыны:

- Жем қымбат па, не қымбат? Не үшін қымбаттап жатыр, соған түсінбей тұрмын. Енді бағу қымбат шығар соған қарағанда. Былтыр тұсақтарды 35-40 мыңға алдық. Қазір тұсақтар 55-60 деп тұрсыңдар ма? Ал ол масқара ғой. Ал тоқты 35-40 дейді. Тоқтыға не жасайсың мынаған?

Саудагерлер малды көбіне Құрманғазы ауданы мен көрші Батыс Қазақстан облысынан әкеледі. Олардың айтуынша, бағаның көтерілуі жем-шөптің қымбаттауына байланысты.

Жәнібек Қанатов, саудагер:

- Қойды қырқу керек, оны бағу керек. артында бір адам жүреді. Баққан адамға ақша береді. Сосын жем де қымбат болып кетті. Кішкентай түк 3000-2800 теңге. Мысалы, 50 мыңнан алсақ мына қойды, мынада келгенде 52 болып келеді, 55 сұраймыз мысалы. 60 дейміз, 57-55-ке береміз. 3000 теңгені өзіміз қосамыз, 2000 теңге расходқа кетеді. Жұмыс осы, басқа жұмыс жоқ, мал сатамыз. Орынақымыз бар, арендамыз бар, бәрін төлегенде 2-3 мың теңге қосамыз.

Елді жайлаған қауіпті індет те кәсіпкерлердің жұмысын тұралатқан. Карантин кезінде мал базары да бірнеше рет жабылды.

Еркін Беккелеев, мал базарының зертхана меңгерушісі:

- Сатушыларға өте қиын әсерін тигізді пандемия. Клиент болмай қалды. Адамдар жоқ. Онлайн сатуға оған доставка сұрайды. Үй-үйге апарып беруге мәжбүр болды. Ондай көп мал алынған жоқ. Базарға шамалы мал келеді.

Мұнайлы өңірде қойдың ғана емес, ірі малдың бағасында да өсім байқалады. Құлынды биенің құны 500 мың теңгеден асып отыр. Ал сиырдың бағасы 450 мың болса, түйенің бәсі 1 миллионға жуықтайды.

Амангелді Саламат, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Бағаны тұрақтандыру, әсіресе мал бағасын тұрақтандыру қиындау. Ешкім төлдеген малын сатпайды. Былтырғы жылғы малды жемдеп, шөпдеген қойларды сатып жатыр, оның бағасы қымбатқа шығады. Былтыр жауын-шашынның аз болуына байланысты жем-шөп қорын дайындау біздің облысқа қымбатқа түсті. Соңғы бір айда бензин бағасы 20 теңге қымбаттады, тасымал құны да қымбаттады.

Жем-шөп пен бензин бағасы түспей, малдың құны да төмендемейді. Оған қоса соңғы 2-3 жылда өңірдегі өзен сулары тасымай, жайылымның да күйі кетті.

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин