Eurovision 2021: қазақстандық дуэттің сахнаға шығатын уақыты белгілі болды

Алдағы жексенбіде Франция астанасы Парижде өтетін Junior Eurovision 2021 байқауында қазақстандық дуэт оныншы болып өнер көрсететіні белгілі болды, деп хабарлайды Хабар 24.

Әлинұр Хамзин мен Бекнұр Жәнібекұлы байқаудың дәл ортасында сахнаға шығып, «Ертегі әлемі» әнін орындамақ. Екі жыл бұрын Польшаның Гливице қаласында өткен «Балалар Евровидениесінде» Францияның атынан өнер көрсеткен Карла бүгінгі ашылу салтанатының жүргізушісі. Оның жанында телевизиялық байқаудың ұйымдастырушылары ғана. Студияда тіпті көрермен де жоқ. Ковидтік шектеулерге байланысты талап күшейтілген. Байқауға қатысушылар болса, бәрін қонақ үйдегі экраннан тамашалап отыр.

Стефан Ситбон Гомес, Франция телевидениесі бағдарламалар тарату бөлімінің басшысы:

– Санитарлық жағдайларды ескере отырып, байқаудың ашылу салтанатын кең көлемде өткізе алмайтындығымызға кешірім сұраймыз. Бірақ біз қолдан келгеннің бәрін жасадық. Ұйымдастырушылар командасы бірнеше ай қатарынан «Балалар Евровидениесінің» сиқырын сақтап қалу үшін барынша тырысты.

Сонымен жеребе нәтижесі бойынша осы жексенбіде өтетін финалда алғашқы болып Германия өнер көрсетсе, сахна шымылдығын Португалия жабады. Ал қазақстандықтардың реттік нөмірі оныншы. Әлинұр мен Бекнұр өздеріне сенімді, еш қобалжу байқалмайды. Бәсекелестерімен достық қарым-қатынас орнатып үлгерген. Бір-біріне естелік сыйлықтар таратып, жөн-жоралғыларын жасап жатыр.

Бекнұр Жәнібекұлы, Junior Eurovision 2021 байқауына қатысушы:

– Барлық қатысушылар өте өнерлі, талантты. Әндері де керемет. Бірақ біздің ән ең мықты. Сондықтан Junior Eurovision 2021 байқауында біздің жеңуімізге мүмкіндігіміз жоғары деп ойлаймын.

«Балалар Евровидениесі» бұл жылы 19 рет өткізіліп отыр. Биылғы өнерпаздардың саны да 19. Байқау ұйымдастырушылары оған қатысудың өзі жеңіс болып саналады, - дейді. Бірақ қазақстандық дуэттің басты арманы бірінші орынды иеленіп, Junior Eurovision 2022-ні туған жерінде өткізу.

Авторлары: Ғалымжан Қараманұлы