Бокстан «Елорда кубогы» финалистері анықталды

Астанада бокстан халықаралық «Елорда кубогының» жартылай финалдық кездесулері өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Әзірге ақтық сынға жолдама алғандардың қатарында жерлестеріміз Сәкен Бибосынов пен Махмұд Сабырхан бар. Ал 71 келідегі Асланбак Шымбергенов белгілі себептермен жекпе-жектен бас тартты.

Бүгін шаршы алаңға 13 салмақта 31 отандасымыз шықты. Арасында ұлттық құрама сапында Олимпиада ойындарына жолдама алған 6 боксшы бар. Соның бірі – Сәкен Бибосынов. Ол жартылай финалда жапондық спортшымен жұдырықтасып, айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Сәкен Бибосынов, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі:

- Бапкерлерімнің тактикасын дұрыс қолдандым деп айта аламын. Бапкерім: «жақындатпай, арақашықтықта жұмыс істе», – деді. Жапон боксшысының бойы кішкентай болған соң жақын арақашықтықпен бокстасқысы келді. Олимпиада алдындағы соңғы жарыс деп айтып жатыр. Практикалық жарыс қой. Өз дайындығымызды тексеріп алу.

Ал 57 келідегі Сабырхан Махмұдтың қарсыласы жарақатына байланысты жекпе-жекке шықпады. Енді шешуші кезеңде Оразбек Асылқұловпен жолығады. Сабырханның жеке бапкері Ілияс Оралбеков отандасымыз қазір толық бабында емес деп отыр. Тіпті әу бастан турнирге қатыстырғым келмеді, – дейді.

Ілияс Оралбеков, М. Сабырханның жеке бапкері:

- Осы кезге дейін Махмұд бір жарысты жіберген жоқ. Барлық жарысқа қатысып келе жатыр. Былай айтқанда жарыстан шаршады. Кішкене демалу керек. Тынығып, Олимпиадаға дайындалуымыз керек. Енді Олимпиадаға 3 ай қалды. 3 айда бір жарыс керек деген соң бір бой өткізу керек болды.

Сондай-ақ ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов шаршы алаңға шықпады. Себебі Олимпиадаға баратындар үшін турнирді ұту маңызды емес. Тек 1-2 жекпе-жек өткізіп, қазіргі қарым-қабілетін сынап көрсе жеткілікті. Айта кетейік, дүбірлі додаға 10 мемлекеттен 170-тен астам спортшы қатысып жатыр. Финалдық кездесулер алдағы жексенбіге жоспарланған.  

Авторлары: Мерей Қанапия, Марат Диханбаев.