Лудоманияға қарсы іс-қимыл

Бүгін Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен Жастар саясаты жөніндегі кеңес отырысында қоғам дертіне айналған лудоманияға қарсы іс-қимыл аясында заң шығару және нақты жұмысты үйлестіру мәселелері талқыланды.

Осы орайда жиында кеңес мүшелері қазіргі уақытта әзірленіп жатқан заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды әзірлеуге қатысты өз ұсыныстарын берген болатын. Сонымен бірге бұл мәселеге қатысты заң жобасы Парламент Мәжілісі депутаттарының қарауында.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

- Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы жауапты органдарға нақты тапсырма жүктеді. Оған сәйкес Парламенттің қазіргі сессиясында депутаттар лудоманияға қарсы жеке заңды қабылдауы тиіс. Біздің де бүгінгі міндетіміз – заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы кешенді жоспарды пысықтау.

Мирас Төлебаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:

- Жыл сайын бұғатталатын интернет казинолар мен заңсыз букмекер сайттарын 4,5 мыңнан 7 мыңға дейін жеткізу. Яғни бұл көрсеткішті 72%-ке  көтереміз деп отырмыз. Бұрын 30 күнде бұғатталатын болса, заңсыз сайттар, қазір 1-2 күн ішінде бұғатталады.

Бұдан бөлек, отырыста 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі қаралды. Сондай-ақ биылға арналған «Қазақстан жастары» атты жыл сайынғы ұлттық баяндаманың құрылымы да талқыланды.