Астанада жасанды интеллект мүмкіндіктері талқыланды
Жасанды интеллект келешекте Қазақстандағы 2 млн-нан аса адамның жұмысына әсер етуі мүмкін.
Бірақ бұл дамыған технология олардың орнын толық басады деген сөз емес. Астанада өткен республикалық форумда білікті сарапшылар осылай дейді. Бастысы, адамзат компьютерлік жүйенің мүмкіндіктерін жұмысында тиімді пайдалана алуы тиіс. Іс-шара Астана политехникалық колледжі қабырғасында өтті. Оған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мен сенат депутаттары қатысты. Басқосу оқу орнының 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Студенттерді толғандырған сұрақ – мамандығына сай жұмыс табу. Себебі түрленген еңбек нарығында кей мамандық түрлері керексіз болып қалуы мүмкін. Форум аясында жастардың ғылыми жобалары мен ізденістерінен көрме жасақталды.
Бисұлтан Совет, студент:
- Ол 1-2 секундта көптеген код сыза алады. Мысалы, бізге 1-2 сағат кетсе, олар 1 секундта жасайды. Бізге бәсекелестік туғызады деп ойлаймын. Жасанды интеллект компьютер сияқты болады ғой. Ол – машина. Адам жетпейтін жерлерге баруы мүмкін. Бірақ жасанды интеллектінің адамдыкіндей ешқандай сезімі жоқ.
Майра Сембина, Astana Polytechnic жоғары колледжі директорының орынбасары:
- Колледж 11 мамандық бойынша кадрларды дайындайды. Ең үлкен мамандықтар көлемі – бағдарламалау. Одан кейін ақпараттық қауіпсіздік – қазіргі таңда ең актуалды мамандық. Өйткені цифрландыру. Қазіргі таңда әр адамның жеке деректерін, одан кейін кәсіпорынның деректері, мемлекеттің деректері қатаң қорғалуы керек.