Елімізде азық-түлік тапшылығының туындауына негіз жоқ – ҚР АШМ

Елімізде азық-түлік тапшылығының туындауына негіз жоқ – ҚР АШМ
Qadam.asia

 Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай министрліктің елді азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша жүргізіп жатқан жұмысы туралы хабардар етті.

Оның айтуынша, нақтыланған жедел деректерге сәйкес 12 наурызда республикада 1,3 млн тоннаға жуық ауыл шаруашылығы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімі, оның ішінде ұн – 144 мың тонна, қант – 90 мың тонна, күріш – 39,3 мың тонна, макарон – 21,5 мың тонна, 900 мың тонна көкөніс өнімдері және т.б. бар.

«Айта кету керек, азық-түлік қоры күн сайын жаңартылып, қажет болған жағдайда толықтырылып отырады. Республикада жарма, ұн және басқа да тауарлар өндіру үшін шикізат жеткілікті. Сондай-ақ ет және сүт өнімдерін өндіру үшін мал басы жеткілікті», – деп атап өтті Жеңіс Өсербай.

Вице-министр азық-түлік тауарларының барлық түрлері бойынша халықтың қажеттілігі өз өндірісі есебінен қамтамасыз етілетініне, ал кейбір өнімдер бойынша қажеттіліктен едәуір асып түсетінін атап өтті, деп хабарлайды ҚР АШМ баспасөз қызметі.

Мысалы, жыл сайын тұтыну көлемі 1,6 млн тонна бола тұра орта есеппен 3 млн тоннадан астам ұн өндіріледі, 95 мың тонна қажет болған жағдайда күріш өндірісі 200 мың тоннаны құрайды. Басқа тауар түрлері бойынша көрсеткіштер осындай.

«Осылайша өндірістің ағымдағы қарқынын сақтай отырып және тұтынудың дәстүрлі көлемдерін ескере отырып, елде азық-түлік тапшылығының туындауына негіз жоқ екенін хабарлаймыз», – деді Жеңіс Өсербай.

Статистика деректеріне сәйкес, республика бойынша дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың қоры 9,1 млн тонна, 7,4 млн тонна бидай (оның ішінде 6 млн тонна азық-түлік және 0,3 млн тонна жемдік), 1,1 млн тонна арпа, дәндік жүгері 144 мың тонна, қара бидай 22,9 мың тонна.

Осыны ескере отырып, азық-түлік бидайының қоры ішкі тұтыну үшін жеткілікті дегенді алға тартты вице-министр.

Қант мәселесіне қатысты, 2022 жылғы 14 наурыздағы жағдай бойынша республикадағы қант қоры шамамен 90 мың тоннаны құрайды, оның ішінде тұрақтандыру қорларында, сауда объектілерінде, қоймаларда – 38,2 мың тонна, қант зауыттарында – 27 мың тонна қант және өңдеу үшін 20 мың тонна құрғақ қанты (қайта есептегенде 47 мың тонна қаңт бар), мемлекеттік материалдық резервте шамамен 4 мың тонна, «Азық-түлік корпорациясы» АҚ ресурстарында 2,5 мың тонна қант бар. Азық-түлік корпорациясы өңірлерге қант жөнелтуде.

Кондитерлік фабрикалар да қанттың қажетті көлемімен қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ Қазақстан 2022 жылғы 31 тамызға дейін 250 мың тонна көлемінде ақ қант пен құрақ шикі қантын бажсыз әкелуге құқылы, сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында квоталар бөлу жүзеге асырылып жатыр.

«Соған сәйкес қантты әкелуге квота қорлары мен көлемін ескере отырып, республика қант қызылшасының жаңа өнімі жиналғанға дейін қантпен толық қамтамасыз етілді. Бұл ретте жеткізу географиясын кеңейту және тәуекелдерді азайту шеңберінде басқа елдерден шикі қант сатып алу бойынша жұмыс жалғасын табады», – деп атап өтті вице-министр.

Нарықты күнбағыс майымен қамтамасыз етуді қозғаған Жеңіс Өсербай 1 наурыздағы жағдай бойынша республикада қайта өңдеуге жіберілетін 649 мың тонна күнбағыс бар екенін айтты. Күнбағыс майының қоры өңірлерде 30,6 мың тоннаны құрап отыр.

«Ішкі нарық күнбағыс майымен және оны өндіру үшін шикізатпен толық қамтамасыз етілген. Көкөніс дақылдары мен картоптың қоры нарыққа ерте пісетін көкөністер келмес бұрын халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті», – деп сендірді министрдің орынбасары.