Күріш қымбаттауы мүмкін

Күріш қымбаттауы мүмкін. Биыл Сырдарияның деңгейі тағы төмен. Мамандар жағдай былтырғыдан да қиын болады деп болжап отыр. Оның үстіне тыңайтқыш пен қосалқы бөлшектер де қымбаттаған. Тығырықтан шығар жол бар ма?

Шиелі ауданының Шеген Қодаманов ауылындағы ірі шаруашылық жыл сайын мың гектарға күріш егетін. Биыл 50 гектарға азайтпақ. Өйткені су көлемі азайған. Алқапты одан әрі азайтуға мүмкіндігім жоқ. Қарызға алған техника мен жұмысшылардың еңбекақасын төлеудің өзі қиын болып тұр, дейді шаруа қожалық төрағасы.

Бауыржан Көпеев, шаруа қожалығының төрағасы:

- Техникамыз лизингте кредитте тұр. Тыңайтқыштың 2-3 есеге қымбаттап кеткені бар. Жанар-жағармай. Жалпы қиын болып тұр енді. Су мәселесі бізге шешілсе, шаруаларға қатты әсерін беріп тұр қазір. Биылғы жылдың өзінде былтырғыға қарағанда 20-30 пайыз су аз болады деп жоспарлануда. 

Былтыр 12 мың гектарға күріш еккен Шиелі ауданы биыл оның көлемін мың гектарға азайтып отыр. Мамандардың айтуынша, Сырдария өзенімен келетін су көлемі өткен жылғыдан 30 процентке аз  болуы мүмкін.  Сондықтан суды аз қажет ететін дақылдар егіп, су арналарын тазарту жұмыстары қолға алынған. 

Мұрат Әшірбеков, Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Электрлік 12 насос, дизельдік 9 насос жоспарлап отырмыз. Сонымен қоса осы су тапшылығына байланысты биылғы негізгі дәнді дақылдардан 2731 гектарға арттырып отырмыз және картоп, көкөніс, қызанақты 310 гектарға ұлғайтып отырмыз.

Ерсұлтан Апетов, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары:

- Мәселен 2021 жылға мақсары, соя, арпа, сұлы сондай дақылдарды біз ектіргенбіз. Былтыр сояны 70 гектарға еккен болса, биыл 150 гектарға көбейтіп отырмыз. Мақсарыны 1000 гектарға көбейтіп отырмыз. Өйткені ол дақылдар суды онша көп қажет етпейді.

Жыл сайын «Көксарай су реттегішіне» 2 млрд текшеметр тіршілік нәрі жиналатын еді. Қазір бұл да жоқ. Өткен жылы Сыр диқандары әр тамшыны үнемдеудің арқасында, тығырықтан шыққан. Биыл жағдай тіпті қиын болады,-дейді мамандар. Дегенмен үміт бар.

Серік Қожаниязов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі:

- Соңғы 1 аптаның көлемінде жоғары жақта жауын-шашын көбірек болып, Шардарада судың мөлшерін көбейіп жатыр. Бүгінгі таңда 1100 куб метр су келіп жатыр. Соны кешеден бастап төмен қарай жіберіп жатырмыз. 400 млн Көксарайға жинаймыз да қалғанын төмен қарай. Бұның бір жақсы жері Көктемде ызалау жұмыстары басталғанда күрішшілер су ала бастаған кезде дарияда су болу керек.

Жаңақорған ауданының брендіне айналған қарбыз алқабы қысқаратын болды. Орнына жүгері егіледі. Ол үшін жерасты су көздерін шахталық әдіспен пайдалану көзделген. Қалай дегенмен Сырдария деңгейінің төмендеуі - шаруалар мен мамандардың суармалы су тапшылығынан амалдап  шығудың түрлі тетіктерін табуға түрткі болып отыр.  

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов