Ресей еліміздің үлесі бар Каспий құбыр консорциумының жұмысын тоқтатты

Каспий құбыр консорциумындағы теңіз терминалы жұмысын тоқтатуы елімізді үлкен шығынға батыруы мүмкін. Бір ғана «Теңіз Шевройл» Қазақстан кірісінің 20 процентін қамтып келген. Бұл туралы белгілі банкир Ғалым Құсайынов айтты. Каспий құбыр консорциумының бас директоры да Новороссийсктегі қатты дауыл салдары жылдық нәтижеге кері әсер ететінін мойындап отыр. Қазір Қазақстан энергетика министрлігі баламалы бағыттар іздеп жатыр.

Проблема қайдан туындады? Екі күн бұрын қара теңіздің Новороссийск аймағында секундына 35 метр жылдамдықпен күшті жел соққан. Дүлей дауылдың соңы осыған әкепті. Бұл Ресей жауабы.

Ербол Өстеміров, "Атамекен" ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары:

- Жалпы осы Новороссийск қаласының жанында 3 кемежай құрылғысы бар. Осы кемежай құрылғысы арқылы Қазақстаннан Ресей аймағына келетін мұнайлар танкерлерге құйылады. Сол танкерлерге құйылатын тиісті шлангілер зақымдалған дейді. 

Сөйтіп, Қара теңізге мұнай ағып кетуі мүмкін деп, Ресей Каспий құбыр консорциумының жұмысын тоқтатты. Шлангтердің нақты қашан жөнделетіні айтылмады. Өзіміздің мамандар болжаммен 2-3 ай керек дейді. Ал 2-3 ай дегеніміз біз үшін көп. Себебі елде өндірілетін мұнайдың 80 проценті осы Каспий құбыр консорциумы арқылы экспортталады. Айталық, Қазақстан жылына 67 млн тонна мұнай сатса, соның 53 млн тоннасы аталған құбырмен шет елдерге айдалады. Яғни шығынның қаншалықты екенін бағамдаған боларсыз.

Ербол Өстеміров, "Атамекен" ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары:

- 2-3 ай жұмыс істемейтін болса, осы КТК жұмыс істемейтін болса нақты осы кедендік, экспорттық салымдар бойынша бюджетке 300 млрд теңгеге жуық түспеуі болжамы бар. Әрине бұл бюджетке де өз нұқсанын келтіруде. 300 млрд түспеген соң әлеуметтік бағдарламалар және өзге де міндеттерін уақытында және сапалы орындауға өз нұқсаныны келтіреді. Және осымен қатар осы мұнай өңдеу саласында 100 мыңға жуық жұмыскер бар. Әрине оларға да тікелей өз әсерін тигізеді.

Николай Горбань, Каспий құбыр консорциумының бас директоры:

- Былтыр 585 танкер босатылған еді. Басты бағыттарды жіктер болсам, Италия 213, Франция 39, АҚШ 26, Испанияға 41 танкер жібердік. Қазіргі жағдай реттелмесе, оның саны азайып кетері анық.

Қазір Каспий құбыр консорциумынан қайран жоқ. Не істейміз? Мұнайымызды экспорттайтын баламалы жол іздейміз. Жолдар бар. Бірақ олардың мұнай айдау қуаты шамалы. 

Ербол Өстеміров, "Атамекен" ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары:

- Мысалы, Ресей аймағы арқылы өтетін Атырау-Самара құбыры бар. Көтеру керек. 

Елде мұнай өңдейтін 3 зауыт бар. Олардың жұмыс жүктемесі 73 процент. "Атамекен" палатасының өкілі айтқандай, сол 3 зауытқа қосымша 4-5 млн тонна мұнай беру керек. Яғни қара алтынды өңдеу үлесін арттыру қажет. Себебі елде мұнай сақтайтын қоймалар жоқ. Ал бұл жағдайды энергетика министрі Болат Ақшолақов «қатты соққы» деп айта алмаймыз деді.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:

- Бір немесе бір жарым айдың ішінде әрине экспорт көлемі азаяды. Бірақ соншалықты көп емес. Барлық негізгі өндірісте жұмыс жоспар бойынша тоқтатылады. Сондықтан КТК жөндеуге кететін уақыт Қазақстан үшін сонша бір қиындық деп айта алмаймыз. Ал қазір мұнай бағасының өскенін ескерсек, бюджетке түсетін жылдық кіріс те қатты азайып кетпейді деп ойлаймыз.

«Финанс каз» телеграм каналында мынадай мәлімет шықты:

«Қара теңіз арқылы өтетін мұнай құбырлары соңғы 100 жылда болған ең күшті дауылдардың өзіне төтеп бере алады. Айлық құрылғыларын орнатқанда осындай мәлімдеме жасалған-ды. Каспий құбыр желісі консорциуымының басшылығы да бізді осылай сендіріп келді. Алғашқы екі құбыр 2001 жылы тартылған. Оны Нидерланд елінің инженерлері жүргізіп берген еді. Үшінші құбырды 2014 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінің мамандары орнатып берген. Сол кезде мамандар мұндай құрылыс оңайлықпен бұзыла қоймайды деп айтса керек. Ал Каспий құбыр консорциумында Қазақстанның үлесі 19, АҚШ-тікі 15, Ресейдікі 25 процент екенін ескерсек, бұл жағдайды сарапшылар геосаяси ойын деп атап жатыр, ешқандай да шланг зақымданбады дейді. Кім біледі?!!

Қорған Қонысбайұлы