Қазақстанға Қытайдан 500 млн теңгенің тауары контрабандалық жолмен кіргізілген

Қазақстанға Қытайдан 500 млн теңгенің тауары контрабандалық жолмен кіргізілген
Inbusiness.kz

Алматы қаласы бойынша ҚМА аумақтық департаменті қалалық прокуратурамен бірлесіп ҚХР халық тұтынатын тауарлардың аса ірі көлемде экономикалық контрабанда фактісін анықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

ҚР ҚМА баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР ҚК-нің 234-бабы 2-бөлігінің 1,4,5-тармақтарында көзделген экономикалық контрабанда фактісі бойынша «Group of the Companies TDA» ЖШС басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары тіркелді.

«Кәсіпорынның барлық операциялық жұмыстарын осы ЖШС директоры жүргізді. Қытайдан Еуразиялық кеден одағының кедендік аумағына заңсыз тасымалданған тауарлардың жалпы құны 585 617 144 теңгені құрады.

Кедендік төлемдер мен салықтар бойынша бюджетке төленетін сома – 125 244 847 теңге», – делінген мәліметте.

Биылғы 31 наурызда Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық тергеу соты ЖШС директорына қатысты 2 ай мерзімге «қамау» түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.

Баспасөз қызметі қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын айтты.

«Қылмыстық істің ҚПК 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіндегі өзге де мәліметтер жария етуге жатпайды», – делінген.