Азық-түлік бағасын ұстау керек – Ә.Смайылов

Азық-түлік бағасын ұстау керек – Ә.Смайылов
inform.kz

Үкімет басшысы арнайы өткізілген кеңес барысында өңір әкімдерін азық-түлікке қатысты жағдайды бақылай алмай отырғанын сынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсімі 0,9% болғанын айтты.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев болса елдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры шамамен 643,5 мың тоннаны құрайтынын хабарлады. Қант зауыттары өнімін есепке алмағанда, шамамен 30 мың тонна қант қоры бар. Бұл ретте ел ішінде үздіксіз өндіріс қамтамасыз етілді және Үндістаннан қосымша қант көлемін жеткізуге келісімшарт жасалды.


Әкімдіктердің деректеріне сәйкес, республика бойынша картоп қоры 199 мың тоннаны, қырыққабат – 17,2 мың тоннаны, сәбіз – 43,1 мың тоннаны, пияз – 23,1 мың тонна болды. Есептерді тыңдаған Әлихан Смайылов бір апта ішінде азық-түліктің негізсіз қымбаттауына жол берген өңір әкімдері бұл мәселеге жеткілікті бақылау жасай алмай отырғанын атап көрсетті. Мысалы, Маңғыстау облысында пияз 39,2%-ке, сиыр еті 5,5%-ке қымбаттаған. Өткен жылы Жамбыл облысының фермерлерімен өңірге пияз жеткізу бойынша уақытылы келісімшарт жасау қажеттігі туралы бірнеше рет мәселе көтерілді. Аталған жұмыс орындалмады, сол себепті азық-түлік бағасының өсіп отыр. «Айналым схемасына» 3,6 млрд теңгелік жоспар кезінде 1,1 млрд теңге бөлінді. Бөлінген қаражаттан кәсіпкерлерге 177 млн теңге ғана бағытталған. Үкімет басшысы соңғы екі жылда Солтүстік Қазақстан облысында сүт-тауар фермаларын салуға айтарлықтай қаражат бөлінгенін атап өтті. Бұл орайда өңірде сүт өнімдері, айран, сүзбе мен сары май тиісінше 14,3%-ке, 9,5%-ке және 5,3%-ке қымбаттады. «Азық-түлік бағасын ұстап тұру – бірінші кезектегі маңызды мәселе. Мен бірнеше рет «айналым схемасын» қаржыландыруды арттыруды тапсырған едім. Алайда бүгінде жұмыс тиісті деңгейде орындалған жоқ. Осы айдың соңына дейін қаржыландыруды 100 млрд теңгеге дейін арттыруды тапсырамын. Алдағы аграрлық маусым қарсаңында өңірлердің бірінші кезектегі міндеті күзгі ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуге форвардтық шарттар жасасу болуы тиіс. Егер қазір мүмкіндікті жіберіп алсақ, маусымаралық уақытта біз бағаның өсуіне тағы да тап боламыз», – деді Ә. Смайылов.