Ресей мен Беларусь азаматтары жаппай Орталық Азия елдерінде банктік шот ашып жатыр

Wfin.kz

Бұрын-соңды болмаған шектеулер Ресей Федерациясын әбден тығырыққа тіреп, экономикасын құлдыратуды көздеп отырғаны анық. Мал-жанын бағып, бизнесін сақтап қалу үшін ресейліктер түрлі амалға көшуге мәжбүр. Халықаралық аударымдарды іске асыру мақсатында Грузия, Өзбекстан елдеріне барып банк есепшоттарын аштырып жатқан жайлары бар. Осылайша бұл көктемде «Карталық туризм» атты жаңа ұғым пайда болды.

Қырғызстанның коммерциялық банкі Ресей азаматтарына халықаралық төлем карталарын ашуға кірісті. «Коммерсант» баспасының хабарлауынша, банктің Мәскеудегі кеңсесі арқылы Visa картасын аштыру үшін 17,5 мың рубль төлесе болғаны. Бұған дейін Өзбекстан ұсынған екі күндік «Карталық турға» қарағанда бұл қызмет анағұрлым арзанға түседі. Алайда мұндай ұсыныс ресейліктер үшін де, банк үшін де қатерлі болуы мүмкін. «Замоскворечье» заң бюросының басқарушы әріптесі Дмитрий Шевченко «Коммерсантқа» берген сұхбатында былай деді: «Шетелдік банктер арқылы ресейліктердің картаны рәсімдеудегі көмекті АҚШ билігі мен Еуроодақ санкцияларды айналып өтудің амалы деп тануы мүмкін. Мұндай кезде ресейліктерге карта ашатын шетелдік банктер халықаралық төлем жүйесінен ажырауы ықтимал».

Ал Қазақстанның екінші деңгейлі банктері бұл мәселеде сақ болуға тырысады. Бұған дейін еліміздің Ұлттық банкі қадағалаушы ұйымдарға қазақстандық емес азаматтарға карта ашпай тұрып, Visa және MasterCard халықаралық төлем жүйелерімен ақылдасу керегін ескертті. Ресеймен де, Батыс елдерімен де арадағы қатынастың тепе-теңдігін сақтауға Қазақстан қашан да мүдделі. Бірақ дәл қазіргі жағдайда саяси-экономикалық қатынасты жеке-дара қарастыруға мәжбүрміз. Саясаттанушы Расул Ариннің пікірі осыған саяды. 

Расул Арин, саясаттанушы:

- Экономикалық тұрғыдан біз Батысқа жақтасатын болсақ, саяси тұрғыдан біз жаңағы қатты шиеленіспеуге тырысамыз. Сол тұрғыда біз жаңа мультивекторлық  саясатты ұстанып отырмыз. Себебі бұған дейінгі мультиверкторлық саясатта біз мүмкіндігімізше әр елмен бірдей қарым-қатынас құруға тырыссақ, қазір олай мүмкін емес.

Көрші елге бораған санкциялардың сарыны бізге жетпес үшін Қазақстан Еуропамен арадағы тауар тасымалының логистикасын реттеу қажет. Яғни Каспий портынан, әрі қарай Грузия, Әзербайжан арқылы тікелей көлік дәлізін түзу – уақыт талабы. 

Расул Арин, саясаттанушы:

- Егер біз транзиттік жолдарды дамытатын болсақ, мүмкіндіктер ашылады. Яғни бізге және Ресейге де ашылуы мүмкін. Бірақ Ресей бізді пайдаланбас үшін бізге не істеу керек? Бізге заңдық инфрақұрылымды реттеу керек. Сол санкцияларды айналма ретінде қолданбас үшін біз сол ішкі заңдарымызды соған келтіруіміз керек, реттеуіміз керек.

БҰҰ-ның қағидасын ұстанатын мемлекет ретінде Қазақстан Украинаның мемлекеттік тұтастығы сақталғанын қалайды. Еуропалық басылымдарға берген сұхбатта Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов еліміздің осы ұстанымын айқындап берді. Бірақ Ресеймен арадағы алыс-берісті үзбейтінін жеткізді. Осы ретте еуропалық компаниялардың біздің ел арқылы Ресей тұтынушыларына заңды түрде тауарын сатуға мүмкіндік алуы керек деді.

Авторы: Бақыт Топтаева