Азық-түлік бағасы көтерілсе әкім орынбасарларына шара қолданылады

Премьер-министр Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев өткен аптада азық-түлік 0,6% қымбаттағанын хабарлады. Өңірлер арасында бағаның ең жоғары өсуі Нұр-Сұлтан мен Алматыда тіркелді. Әлихан Смайылов бағаны ұстап тұру маңызды екенін атап өтті.

Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:

- Мен бірнеше рет «айналым схемасын» қаржыландыруды арттыруды тапсырдым, алайда бүгінде жұмыс тиісті деңгейде орындалмады. Осы айдың аяғына дейін қаржыландыруды 100 млрд теңгеге дейін ұлғайту қажет. Бұл көрсеткішті мақсатты деңгейге жеткізбейтін өңірлерде әкімдердің аталған салаға жетекшілік ететін орынбасарларына тиісті шара қолдану туралы ұсыныстар қаралатын болады.