ШЫҰ-на мүше мемлекеттер ұлттық валютада тауар алмаспақ

Бастама биыл күзде Самарқанда өтетін саммитте қабылдануы мүмкін. Ұлттық үйлестірушілер Шанхай сегіздігінің Еуразия құрлығындағы саяси ықпалдастығы артып келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді экономикаға басымдық беріледі. Ұлттық валютада тауар алмасу идеясы былтыр Қазақстан президенті тарапынан ұсынылған еді. Қытай, Үндістан, Ресей сынды алып нарықтармен бірлескен жобаларды жүзеге асыру – негізгі мақсат. Бұл істің Орталық Азия елдеріне берері мол.

Ерлік Әли, Қазақстанның ШЫҰ қызметінің мәселелері жөніндегі ұлттық үйлестірушісі:

– Қазақстанның ұсыныстары биыл күзде Самарқанда өтетін жиында қабылданып, жүзеге асады. Бірлескен жобаларға қомақты қаржы тарту керек. Ұйымға Қытай, Үндістан, Ресей сынды алпауыттар мүше. Орталық Азия елдерінің де әлеуеті зор. Мұның бәрін қоссақ, Жер шарының жартысына тең аумақты алып жатыр. Шанхай сегіздігі күш-жігерін экономикалық бағытқа біріктірсе, кез келген жобаның келешегі зор болады.