Ақтөбеде жеке кәсібін ашқан мүгедек жандардың қатары артып келеді

Ақтөбеде жеке кәсібін ашқан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қатары артып келеді. Тек соңғы екі жылда 20-ға жуық адам іс бастап, жерлестерін жұмыспен қамтуда. Жігерлі жандардың шығарған өнімдері бүгінде көрші өңірлерге де таныла бастаған.

Бұл жеке кәсібін бір жыл бұрын ғана бастаған Нұртас Рахметовтың шағын цехы. Дәнекерлеу ісін жетік меңгерген ол темірден жасалатын барлық өнім түрін шығарады. Ақтөбеліктерден түскен тапсырысты уақытылы орындап келеді. Шебердің қолынан шыққан бұйымдар үй аулаларын әшекейлеуге таптырмас дүние. Ал әлеуметтік желі арқылы жасаған жарнамасы өзге өңірлерден де сұранысты арттырған.

Нұртас Рахметов, кәсіпкер:

- Сварочный цехта жұмыс жасадым басында осындай. Содан үйреніп, жеке өзім бастап кеттім. 1 жыл болды ресми жұмыс жасап жатқаныма. Жұмысшылар алдым өзімнің қасыма, бірге істеген бұрын.

Қазір кәсіпкер 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал жеке іс бастауға мемлекет тарапынан берілген жарты миллион теңге көлеміндегі қайтарымсыз гранты сеп болған. Биылдың өзінде Нұртас секілді бірнеше азамат өз жобаларын іске асыруда.   

Әлия Хамидуллина, халықты жұмыспен қамту орталығының сектор меңгерушісі:

- Биылғы жоспар 347 адамды құрайды. Бүгінгі уақытқа дейін одан 7 адам грантқа ие болды. Оның екеуі мүмкіндігі шектеулі тұлға. Біреуі құс шаруашылығымен айналысады, біреуі сүт өнімімен айналысады. Қатысушы грант алғаннан кейін 3 ай ішінде өзінің мақсатты пайдалануын салық органдарына өз қызметін тіркеу немесе біріңғай жиынтық төлем төлеу арқылы растайды.

Кәсіпкерлікті дамыту жағынан грант ұтып алған ақтөбеліктер белсенді. Былтыр бұл мақсатқа 200 млн теңге қарастырылса, биыл да қомақты қаражат бағытталмақ. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев