Қазақстандық кәсіпкерлер Ресей нарығына бет бұрды

Екатеринбургте халықаралық өнеркәсіп көрмесі өтіп жатыр. Биыл Қазақстан бұл шараға серіктес ел ретінде қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біздің компаниялар металлургия, химия, фармацевтика, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау мен энергетика салаларында өз жобаларын ұсынды. Санкциялар құрсауында қалған Ресей қазақстандық өнімге бет бұрды. Ресейдегі басты өнеркәсіптік форум қиын кезде өтіп жатыр. Қатаң санкциялар қабылданып, тауар жеткізу үзілген. Сондықтан Ресей көрші елдерге үміт артады. Қазір Қазақстандық компаниялардың өнімдеріне сұраныс күрт артты.

Нұрсұлтан Жұмабек, алюминий өндіруші компанияның басшысы:

– Бұрын жылына 300 мың долларға келісімшарттар жасасақ, биыл үш миллион долларға дейін көбейтуді көздеп отырмыз. Келесі жылы 10 есе артады. Өйткені ресейлік тұтынушылардан үлкен қызығушылық пен сұраныс бар.

Қостанайда құрастырылған трактор – ірі халықаралық компаниямен бірлесіп жасаған өнім. Қосалқы бөлшектердің 34 проценті елімізде шығады. Шойын мен металдан жасалған бөлшектердің барлығы, аккумуляторлар және кабина Қазақстанда жасалады. Болашақта отандық шиналар салынады. Ал жабдықтары шетелден әкелінеді. Қазақстандық өндірушілер біртіндеп техниканы өз күшімен жасауды көздеп отыр.

Батыр Оспанов, ауылшаруашылық техника өндіруші компанияның өкілі:

– Өнеркәсіптік кооперация аясында Қазақстан аумағында өндірісті дамытуға дайынбыз. Былтыр ауылшаруашылық техника үшін қосалқы бөлшектер шығаратын орталықты іске қостық. Оны Екатеринбург, Челябинск, Қазан қалаларында сатамыз.

Шетелдік компаниялар Ресей нарығынан кетіп жатқанда, отандық өндірушілердің жаңа нарықты игеруге мүмкіндігі пайда болды.

Индира Нұрлан, фильтрлер шығаратын компанияның бас директоры:

Бұл өте ауқымды нарық. Қазір өнеркәсіптік фильтрлерге 15-20 компания қызығушылық танытты. Олар бізбен алдын ала шарт жасасты. Нақты сұраныс бар және оны орындауға шамамыз жетеді. 

Былтыр Ресей мен Қазақстан арасында сауда айналымы 33 процентке өсті. Биыл бұл көрсеткіш еселеп өседі деген болжам бар.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров