Еуразиялық одақ елдерін қымбатшылық қысты

Еуразиялық Одаққа мүше елдерді қымбатшылық қысып барады.

6 ай ішінде серіктес мемлекеттердегі азық-түлік бағасы орта есеппен 12,9%-ға артқан. Үкімет басшы Әлихан Смайылов Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында осылай деді. Айтуынша, Ұлттық валюталар арасындағы айырбас бағамдарында да елеулі бұрмалаушылықтар байқалған. Тиісінше бұл елдегі сауда мен инфляциялық процестерге әсерін тигізіп отыр. Сонымен қатар, премьер-министр одақ ішіндегі экспортты дамыту үшін тауарлар транзитінің еркіндігін қамтамасыз ету қажеттігіне тоқталды. Оған қоса, өзге елдерден де тасымалдарды жеңілдету үшін жағдайлар жасалуы тиіс екенін айтты. Жиынға Одаққа мүше елдердің үкімет басшылары мен бақылаушы мемлекеттердің жоғарғы өкілдері қатысты. Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды.