Мәскеуде екінші Каспий экономикалық форумы өтіп жатыр

Онда бас қосқан Ресей, Әзербайжан, Иран, Қазақстан және Түркменістан өкілдері өзара ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқыға салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пленарлық мәжілісте Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов Каспий өңіріндегі елдерді экологиялық бағдарламаны жаңғыртуға шақырды. Географиялық орны мен транзиттік әлеуетіне байланысты халықаралық сауданы дамытуда Каспий өңірінің маңызы зор. Мұнда 270 миллион халқы бар 5 мемлекет орналасқан.  Олардың үлесіне бүкіл әлемдегі энергия көздерінің экспортының 13% тиіп тұр. Ал соңғы 6 жылда осы бес елдің өзара сауда көлемі 66%-ке өсті. Әлихан Смайыловтың мәлімдеуінше, Қазақстанның Солтүстік-Оңтүстік және Шығыс-Батыс көлік дәліздерінің әлеуетін арттыратын шекарааралық хабтарды қалыптастыру бойынша ауқымды жоспары бар. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

– Бұл – Ақтау және Құрық теңіз порттары, «Қорғас» құрғақ порты, «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы және басқалары. Осы хабтар Каспий өңіріндегі елдер мен одан әрі халықаралық нарықтарға тауар ағындарының ұлғаюына жағдай жасап жатыр. Осыған байланысты Каспий азық-түлік хабын құру жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасының маңызы зор. Ақтау порты ірі көлік-логисткалық орталыққа айналып, «Үндістан – Парсы шығанағындағы елдер – Иран – Қазақстан – Ресей» бағдарының негізгі буыны бола алады.

Премьер-министр экология саласында өзара әрекеттесуге ерекше көңіл бөлді. Каспий мәселелері теңіз жағалауында тұратын 15 миллион адамға тікелей әсер етіп отыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

– Экологиялық тепе-теңдікті сақтау – мемлекеттеріміз үшін маңызды міндет. Теңіз проблемалары оның биологиялық ресурстарының сарқылуымен, шикізат өндіру және жүктерді тасымалдау салдарынан қатты ластануымен байланысты. Осыған орай, Каспий экологиялық бағдарламасының жұмысын жандандыруды қолдауға шақырамыз.

Әлихан Смайылов, сондай-ақ туризм саласында бірлескен жұмысты белсенді атқаруға шақырды. Бұл – аралас турларды ұйымдастыру, круиздік туризмді дамыту және визалық тәртіпті жеңілдету. Қазақстан бұл салада 2025 жылға дейін 360 миллион доллардан аса бағаланған 15 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. 

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров