Қазақстан шетелдік банктен 345 млн еуро қарыз алады

Қазақстан Халықаралық қайта құру және Даму банкінен қарызға ақша алмақ. Мәжілісте баяндама жасаған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, оның сомасы 345 миллион еуродан асады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл қаражат есебінен ел бюджетіндегі тапшылық өтелетін көрінеді. Шетелдік банк ақшаны қандай да бір белгілі мақсатта қолдану туралы талап қойған жоқ. Сол себепті Үкімет оны қай салаға жіберетінін өзі шешеді. Жамаубаевтың айтуынша, бұл қарызды төлеу қиынға соқпайды. Өйткені оның мөлшерлемесі 2 жарым-ақ процентті құрайды. Ал несиені өтеу мерзімі 11 жылдан асады. Алайда Мәжіліс депутаттары министрге келесі жолы осындай қомақты ақшаны қарызға алу туралы шешім қабылдамас бұрын, Парламентпен кеңесу қажеттілігін ескертті. Себебі бұған дейін сыртта рәсімделген несиелерді өтеу сомасы жыл сайын көбейіп жатыр. Яғни ел қазынасының жүктемесі едәуір артқан.