Қытайдың өндірушілерімен бизнес жүргізу тиімді

Отандық кәсіпкерлер үшін Қытайдың өндірушілермен бизнес жүргізу тиімді.

Бірақ таяқтың екі ұшы бар. Кей жағдайда жергілікті компаниялар алаяқтардың арбауына түсіп жатады. Мұндай оқиғаларды болдырмау үшін арнайы сайттарды білу керек. Шетелдік компаниялармен серіктес болудың басқа қандай ерекшеліктері бар? Бұл туралы Қытайдағы тілшіміз Ботагөз Сырғабаева баяндайды.

Әнуар Ахынов, компанияның операциялық директоры:

- Тауардың алғашқы жеткізілімін қарашада күттік. Бірақ кейін желтоқсанға қалды. Содан кейін жаңа жыл болды. Қытайда індетке байланысты жаңа шектеулер енгізілді. Артынша қаңтарда негізгі зауыт орналасқан провинция оқшауланды.

Бұл оқиға 2020 жылы басталды. Келісімшартқа қол қоймай тұрып Ануардың жұмыс істейтін компаниясы,,, қытайлық фирмаға қатысты біраз мәлімет жинаған. Заңгерлердің көмегіне де жүгінген. Бірақ соған қарамастан, тауар келмеді. Құжатқа қол қойылған. Дәлелдер де бар. Дегенмен ақша әлі қайтарылған жоқ. Заңгерлер мұндай жағдайды болдырмау үшін, Қытайдағы жеткізушімен ірі сомаға тікелей келісімшарт жасағанда, компанияға қатысты мәліметті арнайы сайтта тексеру керек дейді.

Гүлнұр Нұркеева, халықаралық заң компаниясының серіктесі:

- Компанияға қатысты мәліметті кемінде үш сайттан тексеру керек. Солардың бірі - біздің егов секілді сайт. Онда компанияның атауын, тіркелген мекен-жайын және директорын білуге болады. Сонда мысалы, директоры Ван мырза болса, сізбен келісімшартты сол кісі ғана не сенімхат бойынша оның атынан басқа тұлға ғана жасай алады. Екінші сайтта төлем төлеуге қабілетсіз фирмалардың тізімі келтірілген. Үшінші алаң біздің сот кабинетіне ұқсас, онда тіркеу нөмірі бойынша компанияға қатысты қанша арыз жазылғанын тексеруге болады.

Бұл сайттарда мәлімет тек қытай тілінде ғана келтірілген. Компанияның атауын иероглифпен жазғанда, ақпарат бұрмалануы мүмкін. Сөйтіп оны алаяқтар өз мүддесіне пайдаланып жатады. Сондықтан заңгерлер мұндай жағдайды болдырмау үшін аудармашының көмегіне жүгінген жөн дейді.

Чжан Чжэньли, заңгер, ҚХР:

- Қытайлық компанияның атауы ағылшын не орыс тіліне аударылады. Бірақ мөрі тек қытай иероглифтері күйінде болады. Сондықтан сақ болу керек. Компания мөрінің үлгісін және оның заңды өкілі туралы ақпаратты сайтта тауып, тексеріп шығу керек.

Заңгерлер мұндай істерге қатысты өзге де қиындықтар пайда болатынын айтады.

Чжан Чжэньли, заңгер, ҚХР:

- Біздің көмегімізге жиі жүгініп жатады. Мұндағы басты қиындық  – дәлелдердің жоқтығы. Ешқандай келісім-шарт, қолхат болмайды. Кейде тіпті қытайлық компанияның өзі де жалған болып шығады. Осындай кезде неден бастайтынымызды да білмей қаламыз.

Өндірушімен тікелей жасалған келісімшарттан бөлек біздің кәсіпкерлеріміз делдалдардың да көмегіне жүгінеді.  Ал жалпы, ірі мәміле болмаса, заңгерлер тауарды халықаралық онлайн платформалар арқылы сатып алуға кеңес береді. Айтуларынша, бұл уақытты үнемдейді.

Гүлнұр Нұркеева, халықаралық заң компаниясының серіктесі:

- Сомасы жүз мың доллардан аспайтын тапсырыстарды тек қана сенімді платформалар арқылы жасауды ұсынамыз. Бірақ тікелей келісімшарт жасамау керек. Ақша жібермеген де жөн. Мұндай платформалар екінші жақты тексеруге кепіл береді, алғашқы бес компанияғы қатысты деректерді тегін тексереді. Сонымен қоса сіз тауарды алғанға дейін ақшаңыздың сақталуына кепілдік береді.

Бірақ кейде Қазақстан азаматтары ақшаны үнемдеу үшін осындай платформаларда компанияларды өздері тауып алады да, кейін олармен тікелей жұмыс істей бастайды. Бірақ сараң екі рет шығындалады демекші, мұның салдары ауыр болуы мүмкін.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Ануар жұмыс істейтін компанияның алаяқтаққа тап болуының тағы бір себебі коронавирус. Өйткені шектеу шараларына байланысты бүкіл құжат электрондық түрде жіберілген. Ал оны қолдан жасап алуға болады. Заңгерлер мұндай жағдайда құжаттың түпнұсқасын поштамен жіберуді талап етуге кеңес береді.