Қазақстандық кәсіпкерлер Өзбекстан нарығына көптеп қаржы құя бастады
Өткен айда көршімізде 3 ауқымды бірлескен жоба іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Айталық, Ташкентте қазақстандық компаниялардың бірі тұрғын үй кешенін салуға кіріссе, енді бірі көлік-логистикалық терминалдың іргетасын қалады. Ал Науаидегі минералды тыңайтқыш шығаратын зауыт жобасына отандық инвестиция құйылды. Кейінгі кезде ала шапанды ағайынмен алыс-берісіміз де артқан.
Ташкент тұрғыны Бахтиёр Машрапов көлік жөндеуші болып жұмыс істейді. Бұған дейін Қазақстанда 3 жылға жуық қызмет еткен. Қазір шағын кәсібі бар. Жиған-тергені көлік шеберханасын ашып, 20-дан аса адамды еңбекпен қамтуға жетті. Шетелде жүріп, отбасын асыраған кездерді жиі еске алады.
Бахтиёр Машрапов, кәсіпкер:
- Тараз қаласында еңбек еттім. Сынған, соғылған көліктерді қалпына келтірумен айналыстық. 3 жыл ішінде жақсы табыс таптым. Достарым да көп. Қазір араласып тұрамыз. Шеберханамда ондаған адам жұмыс істейді. Бұрын сырт елде екі қолға бір күрек іздейтін едім. Қазір өзім жергілікті жігіттерге жұмыс ұсынамын.
Өзбекстанның еңбек мигранттары тек Қазақстанда ғана емес, Ресей, Корея, Түркияға да аттанып, табан ақы, маңдай терімен табыс тауып жүр. Кейбірі Отанына қайтуға әлі асық емес. Өзбекстан үкіметіне бұл тиімді жағдай. Себебі сыртта жүргендер жыл сайын еліне 8 млрд доллар аударады. Мигранттарға мемлекет құқықтық көмек көрсетеді. Ол үшін Сыртқы көші-қон мекемесіне тіркелу қажет.
Зейнал Гаджиев, Орталық Азиядағы көші-қон ісі бойынша халықаралық ұйымның үйлестірушісі:
- Өзбекстан үшін сыртқы көші-қон маңызды рөл атқарады. Өзге елде еңбек етіп жүргендер экономикаға қомақты инвестиция құйып жатыр. 2021 жылы мигранаттардың сырттан әкелген қаржысы 8 млрд доллардан асса, былтыр да осы шамаға жетті. Оның көбі Ресей, Корея, Қазақстан сынды елдерден аударылып жатыр. Тенденция ұзақ жылдар бойы сақталады деп ойлаймын.
Бұл жағдай Өзбекстан Орталық банкінің төлем жүйесіндегі теңсіздікті жойып келеді. Арадағы айырмашылықты жұмыс күші арқылы өтеу нәтиже беріп отыр. Бұған Қазақстанның да оң ықпалы бар. Былтырғы 11 айда еліміздегі жеке тұлғалар Өзбекстанға 276 млрд теңге аударған. Түркияға да осынша шамада қаржы жөнелтілді. Ресей, Қырғызстан және Грузия бұл тізімде төменгі сатыға жайғасты. Жалпы Қазақстанда халықаралық аударымдардың артуына әлемдегі геосаяси жағдай да себеп. Мәселен, Ресейде виза, мастер кард сынды төлем жүйелері бұғатталған. Ондағы кей азаматтар еліміздегі банктерде шот ашып, халықаралық аударым жасауды жөн көреді. Ал Өзбекстанмен алыс-беріс бұрыннан бар. Кейінгі кезде отандық кәсіпкерлер көрші ел нарығына көптеп қаржы құюға кірісті. Ташкент және Науаиде басталған тың жобалар құрылысы келешекте 2 елдің байланысын одан әрі нығайтады.
Авторы: Рауан Мыңбаев.
Қазақстандағы жеке тұлғалардың халықаралық аударымдары. Қаңтар-қараша, 2022 жыл:
Өзбекстан - 276 млрд теңге;
Түркия - 250,5 млрд теңге;
Ресей - 175,6 млрд теңге;
Қырғызстан - 71,6 млрд теңге;
Грузия - 64,8 млрд теңге.