Ақмола облысында жұрт мемлекетке қайтарылған жерлерде мал басын көбейтпек
Ақмола облысында жайылым жетпей, ошарылып отырған жұрт енді мал басын көбейтуге ниетті.
Өйткені игерілмей жатқан 300 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Сөйтіп ол алқап жергілікті фермерлер мен ауыл тұрғындарына берілді. Жалпы облыс бойынша былтыр бірқатар ауданда осы жер мәселесі оң шешімін тапқан.
Атбасар ауданындағы мына қожалық бірер жыл бұрын мал шаруашылығын дамытуға 20 мың гектарға жуық жер алған. Алайда, жұмыс тұралап, игерілмей қалған. Серіктестік жетекшісі бос жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтарады. Қайтарылған жер ауыл тұрғындарының игілігіне берілді.
Фаниль Ғабдулхаков, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Біз жерді игеруге өз ауылымыздың тұрғындарына бердік. Жергілікті халық ешқайда көшпей, өз ісімен айналыса деген ой. Ауыл тұрғындары бұл жаңалықты үлкен қуанышпен қабылдады. Енді олар мал басын көбейтіп, тұрмысын одан әрі жақсартады деген сенімдемін.
Сочинкое ауылында 200-ден астам түтін бар. Жергілікті халық негізгі табысын төрт түліктен тауып отыр. Олар бұған дейін жайылымнан таршылық көргендерін жасырмайды. Енді тұрғындар үшін жыр болған жер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.
Қанат Әміров, ауыл тұрғыны:
- Біздің тұрғындардың дені малмен жан бағып отыр. Бұған дейін бізде жайылымдық жер өте аз еді. Осыны түсінген жергілікті серіктестік игерілмей жатқан бірсыпыра жерді қайтарып берді. Енді мал шаруашылығын жандандыруға болады.
Жалпы өткен жылы облыс бойынша игерілмен жердің тең жартысы мемлекет қорына қайтарылған. Бұл жұмысқа құқық қорғау органдары да белсене атсалысып жатыр. Сала мамандарының ықпалымен былтыр бірнеше жер телімі мемлекет меншігі өткен.
Арман Рахимов, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:
- Сыртқы талдау жасау, мониторинг жүргізу арқылы көптеген жер телімдері бойынша мәселелер анықталды. Мысал келтіретін болсақ, өңірдегі «Көкше» әлеуметтік корпорациясының жұмысына сыртқы талдау жүргізілді. Нәтижесінде пайдаланбай жатқан жалпы көлемі 490 гектар құрайтын 11 жер телімі анықталды. Қабылданған шаралар нәтижесінде корпорациясының өз еркімен бұл жер Бурабай ауданының мемлекеттік қорына қайтарылған болатын.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Осылайша, аймақта қордаланған мәселе біртіндеп шешімін тауып келеді. Ақмолалықтардың қазіргі қажеттілігі 400 мың гектарды құрайды. Игерілмей жатқан алқаптар алдағы уақытта да мемлекет меншігіне қайтарылып, халықтың қажеттілігі өтеле бермек.
Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный