Шымкенттегі қорғасын зауытының қалдықтары қайта өңделеді
Шымкенттегі қорғасын зауытынан шығарылған қалдықтар енді қайта өңделеді.
70 жыл ішінде тау боп үйілген қалдық 2 млн тоннаға жуықтаған. Қала шетінде жиналған қоқыстан түсті металл концентраты жасалады. Кезінде қалдық құрамында күміс, алтын, қорғасын секілді пайдалы элементтердің бар екенін анықталғанымен, оларды өңдейтін технология болмаған.
Енді жергілікті мамандар мына үйілген қорғасын қалдығын табыс көзіне айналдырмақ. Қалдық өнеркәсіптік ауқымда қайта өңделеді. Жылына 4600 тонна мыс-күміс концентратын алу жоспарланып отыр.
Серікжан Сейітжанов, компания басшысы:
- Түсті металл концентратының сұранысы өте көп. Қазір біз оны «Қазақмысқа» жіберіп жатырмыз. Содан кейін екінші бір вариант Өзбекстан зауытына жіберіп жатырмыз. Ал енді түбінде, осы жылдың полугодиесінде мына арадан екі пешті іске қосамыз. Сонда ешқандай отход қалмайды.
Зауыт жыл сайын тағы жиырма бір мың тонна мырыш оксидін өндіруге қауқарлы. Аймақ үшін маңызды жоба өнеркәсіптік кәсіпорындардан келетін экологиялық зардапты азайту мақсатында жүзеге асып отыр.
Қыдырбай Дауланбеков, қала тұрғыны:
- Жел болса тіпті есіктің алды қап-қара күйе болады. Ең бірінші көшіп келгенде жер 10 сантиметрдей қап-қара шлак еді. Огород егуге болмайды. Бұл негізі зараженный шлак дейді. Қоспасы көп. Зиян адамға.
Бұл аумақта екі миллион тоннаға жуық өндірістік қалдық жиналған. Зауыт бәрін қайта өңдеу үшін шамамен бес жыл қажет, дейді. Ғалымдар бұл қалдықтарды зерттеуді әлі де жалғастырып жатыр.
Виктор Шевко, ғылым докторы:
- Бір құрылғыда бірден екі өнім жасалады. Біреуі құрылысқа пайдаға асса, екіншісі түсті металлургия үшін қолданылады. Бұл ұзақ жылдар бойы қордаланған экологиялық мәселелердің шешуге септігін тигізеді.
Қорғасын қалдығын кәдеге жаратқандардың бірі Бақытжан Сәрсенбаев. Жаңа инновациялық технология арқасында ол құрылыс материалдарынің беріктігін арттырып, денсаулыққа да зиянын азайтқан.
Бақытжан Сәрсенбаев, құрылыс материалдарын ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі:
- Қорғасын өнеркәсібінің қалдықтарын пайдалана отырып, құрылыс материалының жаңа түрі әзірленді. Бұл - ҚР мен ТМД-да баламасы жоқ цемент екені даусыз.
Қазір ғалымдар инвесторлармен бірлесіп, басқа өндірістердегі зиянды қалдықтарды пайдаға асыратын жаңа технологиялармен жұмыс істеп жатыр. Мұндағы ең басты мәселе экологиялық тазалық.
Асланбек Шығыр, Катерина Попкова, Нұрмахан Бекмұратов