Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті
Сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы оң өсу қарқынын көрсетіп, инвестициялық тартымдылығын сақтап қалды.
Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысында айтты. Өткен жылдың 9 айында республикаға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 17,8%-ке өсіп, 22,1 млрд доллар болды. «Жаңа экономикалық жағдайда Қазақстан Үкіметі шетелдік инвесторлардың жұмысы үшін қолайлы жағдай жасап келеді. Бизнес-жобаларға тұрақты негізде фискалдық және фискалдық емес жеңілдіктерді, сондай-ақ преференцияларды қамтитын жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр», — деді Үкімет басшысы. Қолдаудың жаңа құралдары жайында айта келе, Премьер-Министр Инвестициялық міндеттемелер туралы құжатты, Жақсартылған модельдік келісімшартты және Инвестициялар жөніндегі уағдаластық процесін жеңілдетуді атап өтті.