Шымкенттегі форумда іскер әйелдер тәжірибе бөлісті
Мереке қарсаңында Шымкенттік іскер әйелдер ерекше форматтағы форумда бас қосты.
Алғаш рет ұйымдастырылған жиын жетістікке жеткен жандардың өнегелі өмірін үлгі етіп, қыз-келіншектердің іскерлік қабілетін дамытуға бағытталған. Ұйымдастырушылар, сенімді адамның сан-салада жолы болатынын жеткізуге тырысқанын айтады.
Халықаралық әйелдер мерекесіне орай ұйымдастырылған форум айрықша маңызға ие. Жиынға түрлі салада қажырлы еңбек етіп, жетістікке жеткен іскер арулар шақыртылған. Ұйымдастырушылар оларды құшақ-құшақ гүлмен қарсы алып, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Гүлсара Қуанышбаева, OŃTÚSTIK телеарнасы басшысының орынбасары:
- Бүгінгі күні мен бүкіл қазақстандық ару аналарды, әдемі қыз-келіншектерді мерекесімен құттықтаймын. Әйел бақытын тілеймін.
«SEN» форумында сән әлемі мен кәсіпкерлік саласында жолы болған көшбасшы спикерлер сөз алды. Сондай-ақ мәдениет пен медиа сахнасында елге әйгілі тұлғалар өз тәжірибесімен бөлісті. Солардың бірі «Қыз Жібек» көркем фильмінде «Жібек» рөлін шебер сомдаған - Меруерт Өтекешова. Ол қазақ қыздарының қоғамдағы рөлін тілге тиек етіп, ұлттық тәрбиеге ерекше екпін берді.
Меруерт Өтекешова, кино және театр актрисасы:
- Қазір теледидар арқылы көп білім алып жатыр. Әсіресе мына телефон, интернет бар. Бұрынғыдан басқаша. Біздің кезімізде ондай болған жоқ. Бірақ бәрібір соған қарамастан біздің қыздарымыз жақсы. Ата-анадан өте жақсы тәрбие алып жатыр.
Ерекше форматтағы келелі кездесуге қала әкімі Мұрат Әйтенов те қатысты. Шаһар басшысы мемлекеттік бағдарлама аясында жастардың жан-жақты білім алуына жағдай жасалып, көпбалалы аналардың кәсіп бастауына қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Мұрат Әйтенов, қала әкімі:
- Отбасы институты мен көпбалалы аналарды, кәсіпкер әйелдерді қолдау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдығы. Өйткені әйел бақытты болса, әлем бақытты!
Қазақстандық жас әйелдер алғашқы форумы бір күнмен шектелмейді. Жетекші мамандармен тұрақты қарым-қатынас орнатылады. Жыл бойы шеберлік сабақтары өткізіліп, қатысушылардың қарым-қабілетін дамыту үшін түрлі курстарға жолдама беріледі.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов