Елімізде астық тасымалдау проблемасы түбегейлі шешімді қажет етеді
Елімізде астықты тасымалдау мәселесін түбегейлі шешу керек.
Ол үшін жауапты компания вагондарды бөлу процесін жетілдіруге міндетті. Бүгін Астық өңдеушілер одағының төрағасы Әлихан Талғатбек халықаралық салалық конференцияда осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстанның солтүстігінде өнім мол. Тек оны басқа өңірлерге уақытылы жеткізу қажет. Сондай-ақ шаруалар дайын тауарды экспортқа шығарған кезде қосымша құн салығын қайтару мәселесін көтерді. Олардың пайымдауынша, егер Үкімет осы бастаманы қолға алса, отандық кәсіпкерлердің халықаралық арендағы бәсекеге қабілеттілігі артады. Сала мамандары мемлекет тарапынан субсидияның болғанын да қалап отыр. Бүгінде қаражат негізінен шикізат өндіруішілеріне берілетін көрінеді. Өңдеушілерге де мұндай қолдау көрсетілуі тиіс,- деді одақ төрағасы. Естеріңізге салайық, жақында Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары биыл еліміздегі астық көлемі ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп, экспортқа шығаруға да жеткілікті болады деп болжам жасаған еді. Отандық өнімді Ауғанстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғыз Республикасына жеткізу жоспарда бар.
Әлихан Талғатбек, Қазақстанның Астық өңдеушілер одағының төрағасы:
-Қазір біз дайын өнімді тасымалдауға қажетті жабық вагондардың жетпей жатқанын байқап отырмыз. Салдарынан астықты жеткізу уақыты 1 айға дейін жетуі мүмкін. Ал бізге тауарды қоймаларда сақтап отыру тиімсіз. Осы орайда біз вагондарды бөлу кезінде астық өндірушілеріне басымдық берілуі керек деп есептейміз.