Мемлекет экономикаға еркіндік береді
Ел экономикасының 8 саласында бағаны реттеу тәсілі қайта қаралып, мемлекеттің нарықтағы үстемдігі азаяды.
Бұл өз кезегінді бәсекелестікті дамытып, тауар бағасын арзандатуға мүмкіндік береді. Дәлірек айтсақ, қазір ауыл шаруашылық тауарларының бағасын реттеу тәсілі қайта қаралуда. Бұл үшін өндірушілерді субсидиялаудың жаңа жолдары ұсынылмақ. Денсаулық саласын да серпіліс күтіп тұр. Жауаптылар жеке медицинаны дамытуға ден қояды. Сондай-ақ, дәрі-дәрмек саудасы да біршама жеңілдейді. Осының арқасында қызмет сапасы жоғарылап, құны арзандайды деген үміт бар. Демонополизация ірі кәсіпорындарды да айналып өтпейді. 2025 жылға дейін көмір, мұнай нарығын реттеу жоспарлануда.
Рустам Ахметов, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары:
- Тұрғын үй саласында адал бәсекелестікті дамытып, нарыққа жаңа компаниялар келуі үшін жағдай жасау керек. Қазір әкімшілік кедергілерді жойып, азаматтардың мүддесін қорғайтын кешенді жұмыстар жүріп жатыр. Сондай-ақ, азаматтық авиация саласын да жекешелендіріп, әкімшілік талаптарды азайту сынды мәселелер қарастырылады. Байланыс саласында да түйіткіл көп. Біз мұнда да мемлекеттің үлесін азайтып, шектеулі ресурсты тиімді пайдалануға, радиожиіліктерді мемлекет меншігіне қайтаруға және оларды кейін аукциондарда бөлу тұрғысында жұмыстар жүргіземіз.