Елде көлеңкелі экономикаға қарсы күрес күшейтілмек

Жер қойнауын пайдалану саласында көлеңкелі экономикамен байланысты тәуекелдер бар. Бұл жөнінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссиясының отырысында айтылды.

Отырыста 2021-2023 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспардың орындалу барысы қаралды. Бұл құжатқа былтыр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бойынша тек көлік және құрылыс салаларын қамтыған іс-шаралар ғана енгізілген екен. Сондықтан ведомствоға жетекшілік ететін барлық сала бойынша көлеңкелі экономиканың сын-қатерлерін жою жөнінде тапсырма берілді. Сондай-ақ, Ерлан Қарин халықтың мұқтаждығын өтеуге бағытталған нарықтық экономикаға көшу барысында заңсыз бизнестің көлемін азайту ерекше маңызды екенін айтты. Осы ретте мемлекеттік органдар тарапынан қабылданатын шаралар кәсіпкерлерге қысым көрсетіп, инвестициялық климаттың нашарлауына әкеп соқпас үшін бірқатар тапсырма берді.